Картадағы ақшадан айырылып қалмас үшін не істеу керек? – Ұлттық банк кеңес берді

 Қаржылық технологиялар дамыған сайын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері пайда болып, банк клиенттерінің қаражатына қауіп төндіруде. Осыған байланысты Қазақстанда алаяқтыққа қарсы қандай шаралар қабылданып? Клиенттер өз қаражатын қалай қорғай алады? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға Ұлттық банк жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Банк шоттары мен карталарын қорғау үшін не істеу керек? Кеңес:

Құпия деректерді үшінші тұлғаларға бермеңіз
PIN-кодтар, CVV-кодтар және SMS арқылы келетін құпия кодтарды ешкімге хабарламаңыз.

Күрделі құпиясөздерді қолданыңыз
Қауіпсіздік үшін көпфакторлы аутентификацияны қосып, тұрақты түрде құпиясөздерді жаңартыңыз.

SMS немесе push-хабарламаларды қосыңыз
Бұл сізге шоттан қаражат алынғанын жедел білуге және күдікті транзакцияларға тез әрекет етуге мүмкіндік береді.

Күдікті сілтемелерге өтпеңіз
Танымал емес интернет-ресурстарда төлем картасының деректерін енгізбеңіз. Банк немесе мемлекеттік органдар атынан келген SMS хабарламалардағы күмәнді сілтемелерге кірмеңіз.

Картаны жоғалтқан жағдайда дереу бұғаттаңыз
Егер картаңыз жоғалса немесе реквизиттеріңіз алаяқтардың қолына түсіп қалды деп күмәндансаңыз, бірден банкке хабарласып, картаны бұғаттаңыз.

Өзіңізді банк қызметкері ретінде таныстырған адамдарға жеке деректеріңізді бермеңіз
Банк немесе мемлекеттік орган қызметкері сізден SMS арқылы келген кодты, шот нөмірін немесе жеке мәліметтеріңізді сұрамайды. Мұндай қоңырауларға сенбеңіз және әңгімені бірден тоқтатыңыз.

Ұлттық Банк төлем жүйелерінің қауіпсіздігін қалай реттейді?

Ұлттық Банк қаржылық ұйымдармен бірлесе отырып, төлем жүйелерінің қауіпсіздігін арттыру бағытында келесі жұмыстарды атқарады:
Төлем жүйелеріне қойылатын талаптарды күшейту – банктердің киберқауіпсіздік деңгейін арттыру.
Алаяқтық әрекеттердің алдын алу шаралары – күдікті транзакцияларды автоматты түрде анықтау жүйесін дамыту.
Құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық – алаяқтықпен күресу үшін қажетті заңнамалық өзгерістерді енгізу.

Антифрод-орталық іске қосылған сәттен бастап 2 миллиард теңгеге жуық қаражатты алаяқтардан қорғау мүмкін болды.

Ұлттық Банк Антифрод-орталықтың тиімділігін арттыру мақсатында жаңа заңнамалық өзгерістерді енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өзгерістер күдікті төлемдерді бұғаттау, қаржы ұйымдарының деректермен алмасуын жетілдіру және клиенттердің қаражатын қорғау шараларын күшейтуді қамтиды.

Алаяқтар ұрлаған қаражатты қайтару бойынша банктерге қандай талаптар қойылады?

Қазақстанда қаржы нарығын реттеу, оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау міндеті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүктелген. Сондықтан, егер банк ұрланған қаражатты қайтарудан бас тартса, клиент осы агенттікке ресми түрде жүгінуіне болады.

Банк клиенттерін интернет-алаяқтардан қорғау үшін қандай шаралар қабылдануда?

Интернет-алаяқтықтың алдын алу мақсатында Қазақстанда Антифрод-орталық (Anti-Fraud Center) жұмыс істейді. Бұл – банктер, төлем ұйымдары, микроқаржылық ұйымдар және мобильді операторлар арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмасуды қамтамасыз ететін технологиялық платформа.

Антифрод-орталық алаяқтық белгілері бар төлемдер туралы деректерді жинақтап, қаржы ұйымдарына күдікті транзакцияларды жедел анықтауға және бұғаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары мен банктердің ақпараты негізінде бірыңғай алаяқтық операциялар базасы жүргізіледі.

Банк алаяқтық жағдайында көмектесуден бас тартса, қайда шағымдануға болады?

Банктің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымдану үшін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіну қажет. Агенттік қаржы ұйымдарының қызметін бақылайды және тұтынушылардың құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз етеді.

ПІКІР ЖАЗУ