Қарияларға құрмет көрсетілді

Қарты бар ел-бақытты ел, байыпты ел. Қазыналы қарттарға құрмет көрсету Таукент кентінде игі дәстүрге айналған. Жыл сайын аға буын өкілдерін Түркістан жеріне саяхат жасап, киелі мекеннің көрікті жерлерін аралатып, таныстыру биыл да жалғасын тапты. Бүгінгі таңда еңбектерінің зейнетін көріп отырған, Ұлы Отан соғысы ардагері Мырзахмет Жылысбаев , ардагерлер кеңесінің төрағасы Төленбек Әйнекбаев бастаған 25 зейнеткер қарияларды кент әкімі Серік Маманов демеушілер есебінен киелі Түркістан қаласына саяхат жасап, өңірдің көрікті жерлерімен таныстырып қайтты. Аталған шарада қарияларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында медбике, полиция қызметкерлері, Таукент кентінің мамандары мен әлеуметтік қызметкерлері қызмет жасап, құрмет көрсетті.

Қариялар еліміздің рухани астанасы, түркілердің төл мекені – Түркістан қаласында алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне табан тіреп, кейін көрікті жерлердің бірі “Керуен сарайды” , Түркістан қаласының әкімшілік орталығы мен зәулім үйлерін аралап, тамашалады. Сондай-ақ түскі асқа арнайы дастархан әзірленіп, қарттарымыз бір дастархан басында шүйіркелесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрысып, әсем ән тыңдап, бір жасап қалды.

Аталған шараға “Қазатомпром —Сауран” және “Орталықтандырылған жүк тасымалдау” мекемесі, бірқатар аудандық мәслихат депутаттары Қ. Бекішов, Қ. Жамиев, кенттің бас имамы Н. Мырзабеков, кәсіпкерлер З. Ескалиева, Ш. Исмайлова, С. Дүйсебеков, Б. Аметжанов, Р. Әбішов пен Э. Алтаева арнайы автобус бөліп, барып-келуіне ықпал жасап, демеушілік танытты.

Өскелең ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым мен парасаттың үлгісін таныта білген қарияларға деген құрмет мұнан әрі де өз жалғасын таба бермек.

ПІКІР ЖАЗУ