«Қараусыз қалған мал иелеріне қатысты қаралатын әкімшілік істер» бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Кентау қалалық сотының төрағасы Е.Абдрамановтың ұйымдастыруымен «Қараусыз қалған мал иелеріне қатысты қаралатын әкімшілік істер» бойынша дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шараға қалалық заң кеңсесінің адвокаттары, қалалық прокуратура өкілі және қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол жүрісі қағидаларының 24-тарауының 176-тармағына сәйкес, ат-арба көліктерінің (шаналардың) жүргізушілеріне, мал айдаушылар мен жүк артылған, жегілген және мініс малдарының және малдардың иелеріне:
Малдың жабыны қатты жолдарға шығып кетуі мүмкін жағдайларда оларды қадағалаусыз қалдыруға;
Малдарды теміржолдар арқылы және арнайы бөлінген жерлерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы уақытында және жеткіліксіз көріну жағдайларында (әртүрлі деңгейлердегі мал айдаудан басқа) айдап өтуге;
Өзге жолдар болған кезде малдарды жабын асфальт және цемент-бетон жолдармен жетектеп жүруге жол берілмейді.
Осы құқықтық нормалардың мағынасына сай, ауыл шаруашылығы және үй жануарларының әрекетінен келген зиян үшін оларды өсірумен, асыраумен, айналысатын жеке және заңды тұлғалар, соның ішінде олардың меншік иелері де жауапты болады.
Жоғарыда көрсетілген өзекті мәселелер қатысушылар арасында қызу талқыланып, қойылған сұрақтарға тиісінше жауаптар берілді.