Қаратау ауданында ауыз сумен қамту 100 пайызға жеткізіледі
Шымкент қаласындағы ірі ауданның бірі Қаратау ауданы қарқынды дамып келеді. Бүгінде аудандағы тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 98 пайызды құрайды. Дегенмен, Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңа құрылыс аумақтарында сумен қамтамасыз ету жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл туралы Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қарату ауданыныі әкімі Рақымберді Мүлкеманов мәлімдеді.
Былтырғы жылы аталған елді мекендерде су жүйелерінің құрылысы басталып, жұмыстар ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұл жұмыстардың нәтижесінде ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға дейін жеткізілмек.
Ауданды электр жарығымен қамту деңгейі 98 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аймақтарын электр желісімен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобалардың аяқталуымен электр жарығымен қамту көрсеткіші де 100 пайызға жетеді деп күтілуде.
Аудандағы инфрақұрылымды дамыту шаралары тұрақты түрде жүргізіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Ауданда қазіргі уақытта электр желілеріне қосу, яғни абоненттеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабы мен Қайтпас шағынауданының жаңақұрылыс аумақтарына да электр желілері тартылуда. Жоспарланған жұмыстар толық аяқталғаннан кейін, Қаратау ауданындағы электрмен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетіп, барлық тұрғындар үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Рахымберді Мүлкемановтың айтуынша, табиғи газбен қамту мәселесі де аудан үшін өзекті болып тұр. Қазіргі таңда Қаратау ауданы бойынша газбен қамту көрсеткіші 96 пайызды құрайды. Алайда, Тассай, Бозарық, Таскен, Қызылсу, Шапырашты, Өтеміс, Достық, Мәртөбе және Мирас сияқты елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарында газ желілері әлі де тартылуды қажет етеді. Осы бағытта Тассай және Бозарықтағы газ құбырларын тарту жұмыстары биылғы жылдың IV тоқсанына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жұмыстардың нәтижесінде аудан бойынша табиғи газбен қамту деңгейі 98 пайызға дейін көтеріледі. Қалған елді мекендердің жаңақұрылыс аумақтарын газбен қамтамасыз ету 2025 жылға дейінгі жоспарға енгізілген. Бұл шаралар аудан тұрғындарының өмір сапасын арттырып, инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадам болып табылады.