Қарамұрт ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды
Аудан аумағын орман, дала өрттерінен қорғау және сөндіру мақсатында Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылдық округінде өрт сөндіру бекеті ашылды. Шамамен 17133 адам тұратын Қарамұрт ауылы және Низамабад елдімекенін қызыл жалыннан қорғайтын өрт сөндіру бекеті өз жұмысын Х.Нигмаджанов көшесі бойындағы ғимаратта жүзеге асырмақ.
Бұдан былай ауданның өрт сөндіру бөлімшелері қызметінің жеделділігі мен тиімділігін арттыратын аталған бекетте ауысым бойынша 1 өрт сөндіру автокөлігі мен 6 адам қызмет атқаратын болады. Олар авариялық құтқару жұмыстарын қамтамасыз ете отырып, күндіз-түні төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылады.
Аталмыш өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауылдық округтер мен жалпы аудан тұрғындары үшін техногендік және табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға төтеп беруге септігін тигізері сөзсіз.
Қазіргі таңда аудан аумағында мемлекеттік №6 өрт сөндіру бөлімі, №17 және №23 өрт сөндіру бекеттері бар. Олар 7дана негізгі өрт техникасымен, 1дана көмекші техникамен және 120 дана қарапайым құрал-саймандармен (хлопушка) қамтылған.
Сондай-ақ, ауылдық округтерде жалпы саны 138 адамнан тұратын 11 ерікті өрт сөндіру құрылымдары жұмыс істейді. Олар 52 көмекші техникамен және 204 өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Сайрам ауданының Төтенше жағдайлар гарнизонының 94 қызметкері аудан аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында тәулік бойы қызмет атқаруда.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі