Қарақат Әбден тағдыры қиын ауыл әйелдері туралы айтты
Күннің ыстығына да, суығына да шыдап жүрген әйел аналардың тұрмысы оңай емес. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден «Ауыл» партиясының «Мейірім құшағы» әйелдер, балалар және отбасы істері жөніндегі комиссиясының бірінші отырысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халқымыздың 52%-ы әйелдер. Олардың ішінде әсіресе көпбалалы аналар ауылдарда тұрады. Партия жұмысы тең ауыл шаруашылығын дамытумен шектелмеуі керек. Ұлттық құндылықтар мен ауыл мәселелерінің төркіні бір. Халқымыздың ұлттық болмысы, ұлттық дәстүрі мен тәрбиесі ауыл топырағынан қалыптасқан. Ал ұлттық құндылықтардың сақтаушысы, шамшырағы – бұл әйел. Бір қолымен бесік тербетіп, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдің бойында қаншама күш-жігер бар. Үйдің берекесін, күйеудің абыройын, бала тәрбиесін, ағайын-туысқанның татулығын сақтап тұру, мұның бәрі әйелге байланысты, – деді Ауыл партиясының депутаты.
Әбден ауылшаруашылығына да әйелдер көп үлес қосып келе жатқанын атап өтті.
Көпбалалы әйелдердің басым бөлігі ауылда тұрады. Ауыл әйелдері үйдің де, түздің де жұмысын шебер игере алады. Ауылдағы қыз-келіншектер жұмыстан қорықпайды. Белсенділіктері де өте жоғары. Бірақ күннің ыстығына да, суығына да шыдап жүрген әйел аналардың тұрмысы оңай емес, – деп айтты Қарақат Әбден комиссияның отырысында.
Ол мұндай жағдайды ауылдарды аралаған кезінде өз көзімен көрген.