Қарағандыда жол бойында үйілген қар мен мұз тұрғындарды әлекке салды

 Қарағандыда жауған қар уақытылы тазаланып, шығарылмағандықтан, күндіз еріп, түнде мұз болып қатқан қар жаяу жүргіншілерге ғана емес, көлік жүргізушілеріне де қолайсыздықтар әкелуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қарағандылықтар қала көшелерінде қардың тазалану сапасына наразы. Тұрғындар жол бойынша тау-тау болып үйілген қар адамдардың өміріне қауіп төндіретіндігін айтады.

Адамдар жүретін тротуарларды айтпай-ақ қояйық, көлік жүретін жолдардағы қардың өзі бірден тазаланбайды. Жол үстіндегі қар күрелгеннің өзінде оны бірден тасып әкетпейді. Сөйтіп күрелген қар жол бойында тау-тау болып үйіліп жатады. Бірден тазаланбаған қар күн жылынса еріп, мұзға айналады. Осылайша үйілген қар мен мұз автокөліктердің қозғалысына кедергі келтіреді. Қар тазалаушы компаниялар күрелген қарды неге бірден шығарып тастамайтындығы түсініксіз. Жаяу жүргіншілер жүретін тротуарлар тазаланбайды. Адамдар жол бойымен жүруге мәжбүр. Бұл адамдардың өміріне қауіп төндіреді, – дейді қала тұрғыны Асылбек Әбілқайыров.

Қала тұрғындарының шағымы тым көп болғандығы соншалықты, бұл мәселеге облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаевтың өзі назар аударып, қаладағы екі ауданның әкіміне ескерту жасады.

Мен үнемі көшелермен жүріп өтемін. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарын оқимын. Қала көшелеріндегі жолдардағы жағдай жалпы көңіл көншітерлік болғанымен, аялдамалар мен жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлардағы жағдай сын көтермейді. Екі ауданның әкіміне және қала әкіміне де ескерту жасадым. Қала тұрғындарына жағдай жасалмаған, – деді облыс басшысы.

ПІКІР ЖАЗУ