Қарағандыда “Заң мен тәртіп” фотокөрмесі өтті

Қарағандыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында полиция қызметкерлерінің жұмысына арналған “Заң мен тәртіп” фотокөрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрмеге Департаменттің баспасөз мұрағатынан алынған 30-дан астам фотосурет қойылды. Экспозицияда «Арлан» арнайы жасағының сарбаздары, патрульдік полиция және өзге де бөлімшелердің қызмет барысындағы ерекше сәттері бейнеленген. Әрбір кадр құқық қорғау органдарының көпшілікке беймәлім, бірақ маңызды қырын ашады.
Көрменің басты мақсаты — заңды және оны қорғап жүрген адамдарды құрметтеуді арттыру. Бұл фотосуреттер 2005 жылдан бергі полиция қызметінің маңызды сәттерін көрсетеді. Біз «Заң мен тәртіп» қағидасының мәнін ашатын үздік кадрларды таңдадық, – деді ПД баспасөз қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Батырхан Смаилов.
Іс-шара барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен жергілікті полиция мамандары тұрғындармен профилактикалық кездесулер өткізіп, нашақорлық пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін талқылады.
Қала тұрғыны Ернар Рақышев те өз пікірін білдірді.
Фотокөрме жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Суреттер полиция қызметінің көпшілік біле бермейтін қырларын көрсетті. Бұл еңбекке құрметпен қарауға болады. Полиция қызметкерлеріне табыс тілеймін, – деді ол.