Қарағандыда 1 мамырдан бастап жолақы 100 теңге болады
Бүгін қалалық мәслихат депутаттары Қарағанды автобустарында жолақы құнының жаңа тарифін мақұлдады. Мамыр айының 1-нен бастап қаладағы қоғамдық көліктердегі жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбаттайды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Енді облыс орталығындағы қоғамдық көліктерде жолаушылар электронды төлем жүйесі арқылы қолмақол ақшасыз 100 теңге, ал қолмақол ақшамен 200 теңге төлейтін болады. Жаңа диференцияланған тарифті мәслихат депутаттары кезекті сессияда мақұлдады.
Қазір қолданыстағы тариф 2014 жылы қаңтар айында белгіленген болатын. Одан бері тасымалдаушылардың шығыны орта есеппен 3 есеге өсті. Бұл дегеніңіз жанар-жағармай, дөңгелектер, жалақы, басқа да шығындар. Шығындардың өсуі, тасымалдау құрамының жаңартылуы, жаңа маршруттардың іске қосылуы субсидиялау көлемін ұлғайтуға қажеттілік тудырады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты және субсидиялауға қажеттілікті төмендету мен бюджетке салмақ түсірмеу мақсатында тарифті 20 теңгеге өсіруді ұсынамыз, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Билік өкілдері Қарағандыда жол жүру ақысы соңғы 10 жылда өзгермегендігін, тарифті көтеру мәжбүрлі шара екендігін атап өтті.
Қарағандылықтар болса бұл жаңалыққа наразылықтар білдіруде.
Автобустардағы қызмет көрсету сапасы сын көтермейді. Орындықтардың барлығы лас, кір. Автоустар мүлдем жуылмай ма деп ойлаймыз кейде. Кешкі 19.00-ден кейін көптеген автобус жүрмейді. Тарифті көтермес бұрын осы мәселелер шешімін табу керек, – деді қала тұрғыны Арайлым Ақыжанова.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жолақы қымбаттауы мүмкін екендігін жазған болатынбыз.