Қарағанды облысында 30 елдімекенге су тасқыны қаупі бар

 Қарағанды облысында Нұра өзенінің бойындағы елдімекендерді су басу қаупі жоғары. Егерде су тасқынына қарсы шаралар уақытылы қолданылмаса, отызға тарта ауыл-аймақты су басу қаупі бар, деп жазады Baq.kz тілшісі.

Бұл жайында облыстық Төтенше жаңдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов брифингте мәлімдеді. Жалпы Қарағанды облысында көктемгі су басу қаупіне орай елдімекендер үш деңгейге бөлінеді.

 Аймақтың елдімекендерін су басу қаупіне орай үш деңгейге бөлеміз. Жоғары, орташа және шектеулі. Су басу қаупі жоғары елдімекендерге Шет, Қарқаралы, Осакаров, Нұра, Абай аудандары жатады. Орташаға Ақтоғай ауданы, Қарағанды қаласының айналасы, Теміртау қаласы, ал шектеуліге облысымыздың оңтүстік өңірлері – Балқаш, Приозерск және Саран, Шахтинск қалалары жатады. Қазір 150 елдімекенді қауіпті деп санап отырмыз және олар біздің бақылауда. Бұл елдімекендер әртүрлі инженерлік қорғаныс бөгеттерімен қоршалған, жол бойындағы құбырлар тазартылып, ұлғайтылған. Сондай-ақ, 250-ден астам жол учаскелерін де су басу қаупі бар. Біздің тарапымыздан су тасқынына қарсы шаралар қабылданып жатыр. Осы шараларды қадағаламаса су кіруі мүмкін, – дейді департамент басшысы.

Мұрат Қатпановтың айтуынша Қарағанды облысында көктемгі су тасқыны қаупі Нұра және Соқыр өзендерінен келеді.

Нұра өзенінің бойындағы отызға тарта ауылдарға су келу қаупі жоғары. Ол Бесоба, Қамқор ауылдарынан бастап, Нұра өзенінің біздің облыстан шыға берістегі арнасындағы Ахмет ауылына дейінгі елдімекендер. Осы ауыл-аймақта қауіпке қарсы шара қолданылмаса су кіруі мүмкін, – деді Мұрат Қатпанов.

Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысының көктемгі су тасқынына дайындығын жазған болатынбыз. 

ПІКІР ЖАЗУ