Қанттың келісі 1000-1500 теңгеге дейін жетуі мүмкін
Диқандар келесі жылы суға кепілдік болмаса, қызылшаны мүлде екпейміз деп отыр
Жамбыл облысында ағын судың аздығынан 10 мың гектарға егілген қызылша алқабының жартысы қурап қалды. Құрғақшылық салдарынан қызылша өсірушілер шығынға батып жатыр. Облыс бойынша 300 мың тонна өнім алу жоспары 2 есе азайған. Бұл туралы Qazaqstan телеарнасы.
Бүгіннің өзінде түрлі дақыл еккен 350 қожалықтың зардап шеккені анықталды. Ал тіршілік нәрінен тарыққан Байзақ ауданының шаруалары келесі жылы қызылша екпейміз деп отыр. Базарбай арнасының бойындағы 60-тан астам шаруа қазір сусыз қалған. Ағын су алдағы аптада берілмесе, мың гектарға жуық қызылшаның қурап қалу қаупі бар.
Негізі бір қызылша жарты келі болуы керек еді. Қазір көріп отырғандарыңыздай, 100-150 грамм болмайды. Кішкентай. Бұл су ішпеген сайын жұмсақ болады. Қанттың құнары болмайды. Ертең қант зауыты «мұндай шикізат қажет емес, қант шықпаса, не пайда?» деп айтады маған. Келесі жылы суға кепілдік болмаса, мүлде екпеуіміз де мүмкін, – дейді диқан Демірбек Зууфов.
Өңірде 6 тамыздан бастап Қырғызстаннан келетін су толық тоқтады. Дегенмен суға жауаптылар арналардағы қалдық сулар қызылшаға жетеді деп отыр. Сондай-ақ қызылша өндірушілер қауымдастығы өнім аздығының қант бағасына әсер етпейтінін алға тартты. Өйткені Меркі қант зауытының қорында 7,5 мың тоннаға жуық қант бар. Биыл мемлекеттен қызылшаның бір келісіне 25 теңге субсидия төленеді. Бұдан бөлек, Меркі қант зауыты 15 теңге, тасымалы үшін тағы 4 теңге қаржы бермек.
Өзіміздің отандық өнімді Үкімет қолдамаса, 3-4 жылдан кейін қанттың бағасы 1000-1500 теңгеге баруы мүмкін. Су ұңғымасы мен су үнемдеу технологияларына ақша бөліп, мұны жандандырумыз керек. Сонда ғана біздің отандық өніміміз жоғары деңгейде болады. Сонда ғана өз елімізді 70-80 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік болады, – деді облыстық қызылша өндірушілер қауымдастығының төрағасы Саха Манатов.