ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ХАЛЫҚ САНАҒЫНА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАУҒА ШАҚЫРДЫ

Шымкент қаласында 172 нұсқаушы-бақылаушы жəне 1207 интервьюер үй-үйді аралап, тікелей халық санағын өткізуде. Санақ персоналы 1-30 қазан аралығында санитарлық талаптарды сақтай отырып, электронды планшеттері арқылы сауалнама жүргізеді. Оларға жүктелген жауапкершілік те орасан. Сауалнама жүргізушілерге қолдау көрсетіп, бүкіл ел үшін маңызды шараға жұмыла, жауапкершілікпен қарау қажет. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков Шымкент қаласы әкімдігінің «Инстаграм» парақшасында өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді. Ерғали Даулетбекұлы ұлттық халық санағының өткізілу барысы және іс-шараның маңызына тоқталып, тұрғындар сауалына жауап берді.
-Қазір бүкіл еліміз үшін маңызды кезең яғни, Ұлттық халық санағы өтуде. Санақ халықтың барын бағамдап, қалай өмір сүріп жатқанымыз бен әрі қарай даму жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Мәселен, отбасы құрамын қайта жазу арқылы бізге қанша перзентхана, қанша мектеп, қанша аурухана салу керектігіне бағыт-бағдар аламыз. Демек, санақ арқылы сараптама жасап, болашаққа нақты жоспар құра аламыз,-деді Ерғали Білісбеков.
Ұлттық халық санағының онлайн кезеңі 15-ші қазанға дейін өтеді. Азаматтар арнайы sanaq.gov.kz сайты арқылы санақ парақтарын өз бетінше толтыра отырып, санаққа қатысты барлық сұрақтарға жауап беру мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасы арқылы және мобильді азаматтар үшін «Aitu» мобильді қосымшасы арқылы Ұлттық санаққа қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Мәліметке жүгінсек, бүгінде Шымкент қаласы бойынша 253115 адам (23%) онлайн-санақтан өткен. Халық санағының жалпы қорытындысы экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетіп, қаланың алдағы даму бағытын айқындайды.

ПІКІР ЖАЗУ