Қала әкімі жылу маусымына дайындықты күшейтуді тапсырды
Бүгін қала әкімі М.Әйтенов арнайы жиында алдағы жылу маусымына дайындық шараларын пысықтап, өзекті мәселелердің шешімін қарастырды. Қазір қала аумағында бөлек орналасқан 23 жылу қазандығының 19-ы қысқы маусымға дайын. Қалған қазандықтар бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде, кестеге сәйкес биылғы жылдың 15 қыркүйегіне дейін толық аяқталады. Орталықтандырылған жылу жүйесіндегі 17 сорғы станциясының 13-ы дайын, қалғанында тиісті шаралар жалғасуда.
М.Дүйсенбекұлы былтырғы қыстың қаттылығын ескере отырып, кемшіліктерді назарға ала отырып, биылғы жылу маусымына дайындықты барынша күшейту, қажетті шаралардың барлығын мерзімінде қамту бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар жауаптыларға тұрғындарға қолайсыздық тудырмас үшін жылу құбырлары жүргізілген аумақтарды дер кезінде қалпына келтіруді ескертті. Өзекті мәселелелер туындаған көпқабатты тұрғын үйлерге басымдық беріп, ішкі жүйелерді қалпына келтіру бойынша тұрғындардың жауапкершілігін арттыруда шаралар қабылдауды ескертті.
Жиында қала әкімі энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Мақсат Ердембековке жұмысты үйлестіруде салғырттық танытқаны үшін сөгіс берді. Жауаптыларға қала аумағындағы барлық мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлердегі жылу жүйелері мен қазандықтардың қысқа дайындығын тездету және жұмыстарды сапалы, мерзімінде жүргізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі