Қай банктер пайызсыз несие береді

Қазақстанда Ислам қаржыландыру жүйесін дамытуға бағытталған жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа бастама аясында елдегі банктер “Ислам терезелері” атты жүйемен жұмыс істеуі мүмкін. Бұл туралы Сенат отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов мәлімдеді.
Қазақстанда Ислам банктерінің қызметі 2009 жылы заңнамалық тұрғыда бекітілсе, 2015 жылы исламдық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Қазіргі таңда елімізде екі Ислам банкі жұмыс істейді, алайда олардың үлесі жалпы банк жүйесінің 0,4 пайызын ғана құрайды. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында халықаралық тәжірибе зерделеніп, жаңа заң жобасы әзірленуде.
Көптеген мұсылман елдерінде Ислам банктері дәстүрлі банк секторының ажырамас бөлігі болып саналады. Осыған байланысты жаңа заң жобасы банктерге “Ислам терезелерін” ашу мүмкіндігін қарастырады. Бұл тәсіл қаржы ұйымдарына пайыздық жүйемен де, шариғат талаптарына сай пайызсыз қаржыландырумен де жұмыс істеуге мүмкіндік береді, – деді Әбдірахманов.
Жоспарға сәйкес, заң жобасы осы жылдың тамыз айында енгізілмек. Бұл қадам банктердің қаржылық инфрақұрылымын кеңейтіп, халықтың түрлі топтарына қызмет көрсету аясын арттырады. Сондай-ақ, жаңа реформа халықаралық исламдық қаржы институттарын ел экономикасына тартуға ықпал етуі мүмкін.
Қазіргі таңда Ислам банктері Қазақстан экономикасына 12 млрд теңге көлемінде тікелей инвестиция құйды. Алдағы жылдары бұл көрсеткіштің еселеп өседі. Шетелдік инвесторлар көлік, энергетика және денсаулық сақтау салаларына қаржы салуға қызығушылық танытып отыр, – деді Нұрлан Әбдірахманов.