IT-Aiel бағдарламасы Қазақстанға 3,5 млрд теңгеден астам пайда әкелді

IT-Aiel бағдарламасынан өткен 1300-ден астам қазақстандық әйел бүгінде IT саласында табысты жұмыс істеп, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі ОКҚ алаңында жарияланған деректерге сілтеме жасап.

Жауаптылардың айтуынша, әйелдердің цифрлық сауаттылығын арттыру мен кәсіби біліктілігін көтеруге бағытталған бұл бастама айтарлықтай нәтижелер көрсетті.

Бүгінде IT-Aiel бағдарламасын тәмамдаған мыңнан астам әйел IT-компанияларда жұмыс істейді. Олардың 1334-і ай сайын кем дегенде 350 мың теңге табыс табады. Жылдық көрсеткіш бойынша бұл 3,5 миллиард теңгеден астам кіріс, ал бюджетке шамамен 350 миллион теңге салық және өзге де төлемдер түсті, – деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Әзиза Шөжеева.

2023 жылдан бері аталған комиссияның қолдауымен жүзеге асып келе жатқан IT-Aiel бағдарламасы қазақстандық әйелдерге сұранысқа ие IT мамандықтарын меңгеруге мүмкіндік беруде. Бағдарлама аясында промт-инженер, жасанды интеллект дизайнері, бағдарламалық қамтамасыз етуді тестілеуші және цифрлық маркетинг маманы сияқты кәсіптер оқытылады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба әйелдерге жаңа кәсіби мүмкіндіктер ашып қана қоймай, әлеуметтік тәуелділікті азайтуға ықпал етуде. Цифрлық мамандықтарды меңгерген қатысушылар тұрақты табыс табуда, зейнетақы мен медициналық жарналар төлеп, жеке жинақтарын қалыптастыруда.

Егер бұл әйелдер оқудан өтпей, жұмысқа орналаспаса, оларға атаулы әлеуметтік көмек қажет болар еді. Ал қазір олар өз күнін өздері көріп, зейнетақы мен медициналық аударымдар жасап отыр. Қаржылай тәуелсіз болу және отбасыңа инвестиция салу – үлкен бақыт, – деді Шөжеева.

IT-Aiel бағдарламасының жүзеге асуы әйелдердің цифрлық дағдыларын дамыту тек олардың кәсіби және әлеуметтік әлеуетін арттырып қана қоймай, жалпы Қазақстан экономикасына да оң әсер етіп отырғанын көрсетті.