Ірі алаяқтық жасаған қазақстандық БАӘ-ден елге экстрадицияланды

20 желтоқсанда Қазақстан ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросы іздеуде жүрген 37 жастағы ер адамды Біріккен Араб Әмірліктерінен елге қайтарды. Ол ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 2020-2021 жылдары күдікті мемлекеттік органдарға жұмысқа орналасуға көмектесемін деген сылтаумен қазақстандықтардың қаражатын иемденген. Алаяқтық әрекеттерін жүзеге асырғаннан кейін ол елден қашып кеткен. “Осы жылдың қаңтар айында ішкі істер министрлігі интерполының сұрауымен күдікті Дубайда ұсталды.

БАӘ-нің құзыретті органдары оны біздің елге беру туралы шешім қабылдады”, – делінген хабарламада. Ұсталған адам қазіргі уақытта қамауға алынды. Бұған дейін аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Қазақстан азаматы Ресей Федерациясынан экстрадицияланғанын жазған болатынбыз. Күдікті 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерді алдау және сеніміне қиянат жасау арқылы жалпы сомасы 53 миллион теңге мөлшерде ірі көлемдегі қаражатты жымқырған. Сонымен қатар Грекияның Хиос аралында жүздеген мың доллар шамасында алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы ұсталғанын еске саламыз. 

ПІКІР ЖАЗУ