Іргелі істе – бір болуымыз маңызды!

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «MIRAS» азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған міндеттерді іске асырудың басымдықтарын белгілеуге арналды. Сондай-ақ жиынға қатысушылар Түркістан облысы аумағында тілдерді дамыту саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың орындалуы жөніндегі есепті тыңдады.

Кеңес жұмысын жүргізген «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында, ел ауқымындағы өзекті мәселелерді шешудегі мемлекеттік ұстанымды тоғыз тармақ бойынша тізбектеп бергенін айтты. Белгіленген басымдықтарды іске асыруда және еліміздің одан әрі дамуын қамтамасыз етуде азаматтық қоғам, мемлекеттік институттар және бизнес өкілдері бірігуі тіис екенін назарға алды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында АЭС салу бойынша жалпыхалықтық референдумды биылғы жылдың 6 қазанында өткізу туралы саяси шешімнің жариялануы – бұл стратегиялық мәні зор құжаттың ерекшелігі болды деп атап өтті партияның өңірлік филиалы атқарушы хатшысының орынбасары. Атом энергетикасы, шын мәнінде, Қазақстанның жаңа дәуірін сипаттайтынын, азаматтарға таңдау еркін беру арқылы жаңа саяси мәдениет қалыптасып жатқанын жеткізді. Жаңа, Әділетті Қазақстан бәріне теңдей мүмкіндіктер беру арқылы орнығып жатқанын мәлімдеді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе жөнінде хабарлама жасаған Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті экономика, басқару және құқық факультеті деканының орынбасары Сәбит Баймағанбетов, Президент Жолдауының экономикалық аспектілеріне кеңінен тоқталды. Несие және қаржы саясаты, салық жүйелері бойынша қойылған міндеттерді түсіндіріп өтті. Банктердің несиелік саясатын қайта бағдарлаудағы басымдықтарды жіктеп берді. Аграрлық шаруашылықта, су үнемдеуде, инфрақұрылымдық дамуда белгіленген жаңа міндеттер жөнінде айтты. Энергетика саласында қолға алынатын күрделі өзгерістерге тоқталды. Денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі нақтылы межелер жөнінде ақпар берді. Экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінде сапалы өзгерістер жасау, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру бойынша белгіленген басымдықтарды түсіндірді.

Жиынға қатысушылар Президент Жолдауындағы міндеттер айқын әрі нақты екендігін айрықша атап өтті. Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыруда «MIRAS» кеңесінің мүшелері бірлесе нәтижелі жұмыстар атқаруға келісті. Партиялық алаңда азаматтық бірлікке бастайтын жобалар әрі қарай да жүйелі жалғасын табатынына сенім білдіріп, осы іс-шаралардың бел ортасынан табылуға әрқашан дайын екендіктерін білдірді.

Кеңестің күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – Түркістан облысының аумағында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының және тілдерді дамыту саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясаттың іске асырылуы туралы Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаевтың хабарламасы тыңдалды. Кеңес мүшелері Түркістан облысында мемлекеттік тілдің қолданылуы бойынша айтарлықтай өзекті мәселелер жоқ екендігін айтып, тілдің тұғырын бекітуде Түркістан облысы көп өңірлерге үлгі бола алатындай дәрежеде деген оң пікірлерін жеткізді.

Дегенмен, облыстың полиэтносты жекелеген елді мекендерінде тұрғындарды мемлекеттік тілдің аясына біріктіру, ономастика саласындағы жұмыстарды ілгерілету, өскелең ұрпақтың бойына қазақ тіліне деген сүйіспеншілікті жастайынан дарыту, қазақ тіліндегі әдебиеттерді сүйіп оқуға ынталандыру секілді ұлт руханиятына қызмет ететін мәселелерде «MIRAS» кеңесімен бірлесе жұмыстар атқаруда бірқатар ұсыныстар айтылды.

Жиынды қорытындылаған Қалыйма Жантөреқызы, қоғамға ортақ істе азаматтық ұйымдардың бірлескен іс-қимыл жүргізуі тиімді екенін айта отырып, Астанада Парламент Мәжілісінің спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошановтың жетекшілігімен АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысы өткенін мәлімдеді. Мемлекеттің дамуы үшін маңызды шешім қабылдауда еліміздегі жетекші 5 саяси партияның, қоғамдық ұйымдардың өкілдері бір мақсат аясына бірігіп, қазақстандық қоғамдастықты топтастырудың озық үлгісін көрсетті деді. Озық ойлы қоғам болуымызда, әр азаматтың биік парасат иесі болуы маңызды екенін жеткізіп, алға жетелейтін бастамаларды қолдауда бір болуға шақырды.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ