Ипотекадан қалай үнемдеуге болады?

Қазақстанда ипотекалық қарызы бар азаматтарға арналған салықтық шегерім механизмі жұмыс істейді. Бұл мүмкіндік жеке табыс салығының мөлшерін азайтып, қолыңызға тиетін жалақыны көбейтеді. Енді бұл жеңілдікті кез келген банктен ипотека алған азамат пайдалана алады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Салықтық шегерім қалай жұмыс істейді?
Krisha.kz мәліметінше, жеке табыс салығы (ЖТС) – әр қызметкердің ай сайынғы табысынан ұсталып, бюджетке түсетін 10% мөлшеріндегі салық. Шегерім осы соманы азайтады. Яғни, ипотека бойынша төлейтін пайыздардың бір бөлігі сізге жанама түрде “қайтарылады”.
Ипотекалық төлем екі бөліктен тұрады:
- негізгі қарыз;
• банктің пайыздық үстемеақысы.
Шегерім тек пайыздық бөліктен есептеледі. Негізгі қарызға қолданылмайды.
Мысал:
Ай сайынғы төлем – 400 000 теңге
* 250 000 тг – негізгі қарыз
* 150 000 тг – пайыздар
Шегерім тек 150 000 теңгеге есептеледі.
Кімдер пайдалана алады?
Бұрын шегерім тек Отбасы банкінің клиенттеріне ғана қолжетімді еді.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ипотека иелеріне қолжетімді.
Алайда шектеу бар – жылына 118 АЕК.
2025 жылы бұл 463 976 теңге.
Бұл қайтарып берілетін ақша емес, бұл – салық салынатын табысты азайтатын максималды сома.
Қанша үнемдеуге болады?
ЖТС – 10%.
Сондықтан нақты үнем — 463 976 теңгенің 10%-ы:
46 397 теңге (жылына максимум).
Ипотека мерзімі ұзақ болған сайын, жинақталатын үнем бірнеше жүз мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Шегерімді қалай рәсімдеу керек?
Жұмыс берушіге еркін түрде өтініш жазып, келесі құжаттарды тапсыру қажет:
- ипотекалық келісімшарт;
• пайыздар көрсетілген төлем кестесі;
• төлем жасалғанын растайтын құжаттар (чектер, үзінді көшірмелер).
Маңызды шарт
Шегерім тек жалақы “брутто” форматында көрсетілген жағдайда ғана беріледі. Егер еңбек шартында қолға алатын таза жалақы деп жазылса, қызметкер шегерімді ала алмайды. Бұл жағдайда жеңілдікті жұмыс беруші пайдаланады – ол тек өзі аз салық төлейді.
Ескі ипотека болса не істейді?
Ипотека бұрын алынған болса да, соңғы 5 жылға қайта есептеу жасауға болады. Қайтарылатын сома жұмыс беруші арқылы төленеді.




