Ипотека, автонесие, салық: Нарықты не күтіп тұр?

Қазақстандағы несие нарығында айтарлықтай өзгерістер басталды. Ұлттық банк жүргізген соңғы сауалнама бизнес сегментінің қайта жандана бастағанын көрсеткенімен, тұрғындар үшін несие алу талаптары бұрынғыдан қатаңдай түскен. Ипотекаға сұраныс төмендеп, автонесие де жаңа мөлшерлеме қысымын сезіне бастады. Ал тұтынушылық кредиттер бұрынғы деңгейден аса алыстамай тұр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлттық банк 21 банктен алынған деректерді талдап, 2025 жылдың үшінші тоқсанындағы нарық динамикасын жариялады. Бизнес секторында сұраныс артқанымен, жеке тұлғалар арасында жағдай әртүрлі: ипотека баяулап, автонесие біршама өсім көрсеткен.

Ірі бизнес қайта жанданды

Үшінші тоқсанда банктер ірі кәсіпорындардан түскен несие өтінімдерінің 19%-ға артып, 237-ге жеткенін айтады. Алайда орташа несие көлемі 12,1 млрд теңгеге дейін төмендеген. Сарапшылар мұны екінші тоқсандағы әлсіреуден кейінгі қайта қалпына келу деп бағалайды.

Бірқатар банктер кепіл талабын жеңілдетіп, кепілдікке өтетін активтер тізімін кеңейтсе, валютадағы несиеге сұраныс та өскен.

Орта бизнес тұрақты: өтінімдер саны 5,3 мың деңгейінде қалды, бірақ орташа сома 905 млн теңгеге түсті. Шағын бизнесте 10% өсім байқалғанымен, орташа несие көлемі 27,7 млн теңгеге дейін төмендеген.

Бағдарламалар ішінде әлі де “Өрлеу” және “Даму” қорының кепілдіктері негізгі құрал болып отыр. Микробизнеске арналған сервистер кеңейгенімен, қарыз алушылардың қаржылық жағдайына қойылатын талаптар күшейген.

ШОБ үшін мақұлдау деңгейі 36%-ға дейін өскен. Ал ірі бизнес бойынша бұл көрсеткіш 53%-ға дейін төмендеген.

Төртінші тоқсанда банктер сұраныс сақталуы мүмкін екенін айтады, бірақ пайыздық мөлшерлеменің өсуі несие шарттарын одан әрі қатаңдатпақ.

Ипотека тоқтамайды, жеңілдетілген бағдарламалар өз рөлін сақтайды

Экономист, қаржыгер, “NAC Analytica” КҚ басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов банктердің ипотека сұранысы төмендейді деген пікіріне толықтай қосыла бермейді.

Біріншіден, неге банктер базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты ипотекаға сұраныс төмендейді деп ойлайды? Бұл жерде мен банктердің пікіріне толықтай қосыла бермеймін. Себебі нарықтық бағдарламалар бойынша – иә, мөлшерлеме көтерілгеннен кейін банктер автонесие мен ипотеканы қайта есептеді. Бұл – түсінікті, – деп атап өтті экономист.

Айтуынша, жеңілдетілген бағдарламалар бар. Бұл – мемлекеттік саясаттың бір бөлігі.

Мысалы, «Әскери баспана» сияқты жобалар немесе отандық автоконструкторлар үшін берілетін жеңілдетілген автокредиттер. Онда, менің ойымша, сұраныс жай ғана жоғары емес – тіпті кезек бар. Сондықтан бәріне бірдей ол жеңілдетілген ипотека мен автонесие жетпей қалады. Сол себепті, «Отбасы банк» арқылы берілетін бағдарламалар болсын, отандық автөндірушілерді қолдау мақсатындағы жеңілдетілген кредиттер болсын – бар және бола береді. Бұл – тікелей мемлекеттік саясаттың бір бөлігі. Ал нарықтық ипотека мен автокредиттерге келсек, бұлар, әрине, жаңа мөлшерлемеге сай қайта есептеледі. Бірақ соған қарамастан, ипотека да, автонесие де тоқтап қалмайды, – деді ол.

Жоғары базалық мөлшерлеме нарықты тежеп тұр

Экономист Мақсат Халықтың пайымдауынша, ипотека нарығының бәсеңдеуіне негізгі себеп – базалық мөлшерлеменің өсуі. Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені екінші мәрте қайтадан көтергені де жасырын емес,.

Алдында 16,5%-дан 18%-ға көтерді. Содан кейін Ұлттық банктің өткен аптадағы отырысында 18% жоғары деңгейде қалдыратындарын мәлімдеді. Келесі отырысында оны 20%-ға көтерілуі мүмкін деген болжамдарын жасырған жоқ. Барлық несие пайызын арттырды. Ипотекалық несиелердің пайызы күрт көтерілді. Сондықтан кейбір банктер бір ай бұрын ипотекалық несиені беруден де бас тартамыз деген мәлімдеме жасағаны белгілі. Бұл жағдай құрылыс нарығында үлкен дүмпу туғызды. Тиісінше, Президентіміз Үкімет басшысы Бектеновке ипотекалық несие беру тоқтамасын, жандану үшін бюджеттен тағы қаражат қарастырайық деп тапсырма берді. Осы тапсырма қайтадан құрылыс нарығындағы ойыншыларға демеу болды, – дейді сарапшы.

Ол Мемлекет басшысының өзі қолдағандықтан ипотека беру тоқтамайтынын алға тартты. Қазір соңғы уақытта бағаның өсіп жатқанының бір себебі осы. Одан бөлек, тағы әсер етіп отырған дүние – 2026 жылдан бастап қосылған құн салығының өсуі. Бұл негізінде нарықтағы бағалардың өсуіне әсерін тигізген.

Автонесиеге қатысты айтар болсам, соңғы уақытта банктер автокөлік алғысы келетіндерге бөліп төлеу жүйелерін енгізді. Себебі Қытай нарығынан келетін автокөліктердің көп болуы белгілі бір дәрежеде көлік бағасының төмендеуіне, оңтайлануына әсерін тигізді. Енді келесі жылдан бастап көліктерді Қытайдан әкелудің ережесі де өзгереді. «Сұр» диллерлердің келуіне шектеулердің қойылады. Демек, ресми диллерлер ғана қытайлық көліктерді әкеле алады. Бұл белгілі бір дәрежеде көлік бағасының қымбаттауына әкеледі. Көлік бағасы қымбаттады дегеніміз – оған берілетін несиенің де көтерілуіне әкеледі деген сөз. Несиелендірудің пайызының артуына, базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғарылауына әкеледі, – деді Мақсат Халық.

Салық, мөлшерлеме, табыс өсімінің баяулығы

Сарапшы Ернар Серік қазіргі болжамдарды жалпы макроэкономикалық жағдаймен байланыстырады.

Негізі банктердің болжамы еліміздегі қазіргі макроэкономикалық ахуалға толық сай келеді. Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, салықтардың өсуі, халық табысының баяу өсімі және қарыз алуға қойылатын талаптардың қатаюы – осылардың бәрі тұрғындардың несие алуда сақ болуына әкелетіні анық. Сонымен қатар ипотека нарығына жаңа фактор әсер етеді: бұл Үкіметің жаңа салынып жатқан пәтерлерге ҚҚС салығын енгізуі (бұрын болмаған). Ол дегеніміз жаңа тұрғын үйлер бағалары қымбаттайды, сол себептен бұл жағдай ипотекалық сұранысты әрі қарай төмендетуі мүмкін, – дейді ол.

Сарапшы автонарықтағы тәуекелдерді де атап өтті.

Автонарықта да сыртқы факторлар әсер етеді. Мысалы, Қытай ескі автокөліктер экспортына қатысты бақылауды күшейтіп, экспорт процедураларын қиындатуда. Соның салдарынан Қазақстанға әкелінетін арзан китайлық автомобильдер саны азаяды, бұл ішкі нарықта бағаның өсуіне жол ашуы мүмкін. Соңғы жылдары жаңа көліктерге бағаның тұрақты болуы осы арзан қытай машиналарының көптеп кіруі деп есептеймін. Не болса да, нарық күрт құлдырайды деп болжау негізсіз. Иә, бизнестің шығындары көбейеді, бағалар өседі, ипотека мен автокредитке сұраныс баяулайды. Бірақ халықтың пәтерге және көлікке деген қажеттілігі әлі де жоғары деңгейде. Сондықтан соңғы малын сатса да, көпшік астындағы соңғы тиынын шығарса да, бұл тауарларға сұраныс толық тоқтамайды деп ойлаймын. Уақыт өте келе нарық өзі тепе-теңдікке келеді, – деді Ернар Серік.

Базалық мөлшерлеме өскен сайын сұраныс төмендейді

Экономист Алдияр Саматов несиеге деген жалпы қызығушылықтың жыл соңына қарай азаюын табиғи құбылыс деп санайды.

Банктер базалық мөлшерлемеден төмен пайызбен бере алмайды. Сондықтан сұраныс азаяды. Ұлттық банк 18% базалық мөлшерлеме қойса, банктер тұтынушылар одан төмен пайызбен несие бере алмайды. Сондықтан жалпы несиеге сұраныс азаяды. Ал ипотека мен автонесиеге келетін болсақ, кепілдендірілген несие болғандықтан, банк тарапынан оларға деген қызығушылық жоғары. Өйткені клиент несиені төлей алмай қалса, кепілі бар болғандықтан банк үшін мұндай несие тартымды. Сондықтан ондай несиелерге аукциондық бағдарламалар болады. Барынша клиенттерді тартуға тырысады. Оларға деген сұраныс біршама азаятын шығар, – деп пікір білдірді сарапшы.

Дегенмен нарықта қатты өзгеріс болмайды деп отыр.

Азайса, баға өсуіне қатысты ғана болады. Егер сұраныс азайса, экономика заңдылығына байланысты олар да бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Сондықтан жыл басында сұраныс азайса, жыл ортасына таман сатушылар бағаны қалыпқа келтіреді деген ойдамын, – деді Алдияр Саматов.

Нарық баяулайды, бірақ тоқтамайды

Экономист Бауыржан Ысқақ сұраныстың төмендеуінің бірнеше себебін атап өтті.

Біріншіден, базалық мөлшерлеме өсті: несие қымбаттады. Екіншіден, банк талаптары күшейді. Үшіншіден, жылжымайтын мүлік бағасы көтерілді. Инфляция мен табыс өсімінің баяулығы халықтың қарыз алуға тәуекелін азайтады. Несие құны артқан сайын халық несие алуды кейінге қалдыруға бейімделеді. Баға өскен сайын ипотекаға деген қызығушылық төмендейді. Сатып алу қабілетінің әлсіреуі, яғни инфляция, жалақының баяу өсуі – мұның барлығы халықтың жаңадан қарыз алуға деген тәуекелін азайтады, – дейді экономист.

Экономистің айтуынша, жыл соңына қарай ипотека нарығында айқын «салқындау» байқалады. Пәтер бағасының қымбаттауы мен мөлшерлеменің өсуі салдарынан азаматтар сатып алуды кейінге ысырып, жалға алу нарығына көбірек жүгінуі мүмкін.

Автонесиеге келсек, ол әлі де қолжетімді болғанымен, экономикалық қысым бұл сегменттің өсімін тежейді. Сұраныс бірден құлдырамайды, бірақ қарқыны баяулайтыны анық, – дейді сарапшы.

Экономист несие алушылардың бөлінісі де өзгеріп жатқанын атап өтті: табысы тұрақты, несие тарихы жақсы, бастапқы жарнасы бар азаматтарға ғана ипотека мен автокредит шын мәнінде қолжетімді болып отыр. Қалған санат үшін несие алу айтарлықтай қиындаған. Осы жағдай жылжымайтын мүлік нарығындағы келісімдер санын азайтып, құрылыс компанияларын түрлі акциялар мен ұзақ мерзімге бөліп төлеу ұсыныстарына көшуге итермелейді.

Егер базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде сақталып, халық табысы өспесе, 2026 жылдың бірінші жартысында да несиеге сұраныс әлсіз болуы әбден мүмкін, – деп түйіндеді сарапшы.

Сарапшылар пікірі бір нүктеде тоғысады: несие нарығы тоқтамайды, бірақ баяулайды. Пайыздық мөлшерлеме жоғары, салық, инфляция: мұның бәрі ипотека мен автонесиеге сұранысты тежейді.

Дегенмен халықтың баспана мен көлікке деген қажеттілігі жоғары болғандықтан, нарық толық “қатып қалмайды”. Жеңілдетілген бағдарламалар болса сұранысты ұстап тұруда маңызды рөл атқара береді.

Қаржы жүйесінде қалыптасқан жаңа жағдай – сақтықты қажет ететін кезең, әрі несие саясатының күшейе түсуі белгілі бір топтарға несие алу мүмкіндігін қиындатуы ықтимал.