Instagram, TikTok, WhatsApp: Қазақстандық жастар қай әлеуметтік желіні көбірек қолданады

Қазақстандық жастардың күнделікті өмірінде әлеуметтік желілердің рөлі артып келеді. Олардың 66,2 пайызы әлеуметтік желілерде уақыт өткізеді. Ең танымал платформалар – WhatsApp, Instagram және TikTok. 2025 жылы интернет қолданушылар саны 19,2 миллион адамға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Energyprom-ға сілтеме жасап.

2024 жылғы «Қазақстан жастары» атты зерттеу есебіне сәйкес, сауалнамаға қатысқан жастардың 66,2 пайызы бос уақытын жиі әлеуметтік желілерде өткізетінін айтқан. Бұл – жастар арасында екінші ең танымал ермек. Бірінші орында ата-анасына бару тұр – оны 67,8 пайыз таңдаған.

Жастардың 21,5 пайызы әлеуметтік желілерді анда-санда, 9,4 пайызы сирек қолданатынын айтқан. 1,9 пайызы мүлде пайдаланбайды, ал 1,1 пайызы нақты жауап бере алмаған.

Әлеуметтік платформалар мен мессенджерлер арасында ең танымалы – WhatsApp. Оны сұралғандардың 89,4 пайызы қолданады. Одан кейін Instagram (79,8%) және TikTok (63,9%) келеді. Telegram – 24,6%, Facebook – 9,1%, ал ВКонтакте – 4,7%. Ал жастардың 0,3 пайызы мүлде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді пайдаланбайды.

Контент түріне келсек, жастар көбіне ақпараттық (69,2%) және ойын-сауық (60,6%) материалдарды қарайды. Ал интерактивті контент (33,3%), жарнамалық (25,7%) және вирус (14,8%) контенттерге қызығушылық төмендеу.

Жас ерекшелігі бойынша айырмашылық бар: 14-18 жастағылар – ойын-сауық пен трендтерді, 19-23 жастағылар – ақпараттық контентті, ал 24-28 жас аралығындағы жастар – талқылауға арналған және жарнамалық контентті көбірек таңдайды.

DataReportal мәліметінше, 2025 жылдың басында Қазақстанда 19,2 миллион интернет пайдаланушы тіркелген – бұл ел халқының 92,9 пайызы. Ал әлеуметтік желілерді 15,7 миллион адам қолданады (75,7%). Бір жылда бұл көрсеткіш 1,6 миллионға артқан.

Meta дерегі бойынша, Facebook қолданушыларының саны – 2,6 миллион, ал Instagram – 12,4 миллион. TikTok-та 18 жастан асқан қазақстандықтардың саны 15,7 миллионға жеткен. LinkedIn қолданушылары – 1,7 миллион, ал Messenger жарнамасы – 397 мың адамды қамтиды.

Интернеттегі трафиктің көп бөлігі Pinterest арқылы сыртқы сайттарға бағытталады – оның үлесі шамамен 36 пайызды құрайды. Одан кейін YouTube (15,01%), Facebook (13,91%), X (10,44%), ВКонтакте (9,82%), Instagram (8,61%) және Reddit (4,18%) орналасқан.

Қазақстандықтар ең көп іздеген бейне контент тақырыптары – «музыка», «фильм», «ән», сондай-ақ балалар мен оқу контенті: «А4», «Маша», «мультфильмдер», «математика», «трактор», «Маша мен Аю».

2025 жылдың басында елдегі барлық отбасылардың 100 пайызы ұялы телефонмен қамтылған. Тек Қарағанды облысында бұл көрсеткіш – 99,8%. Ал ноутбук пен компьютерге қолжетімділік 55,8 пайызды ғана құрайды. Ең жоғары көрсеткіш Алматы, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелсе, ең төмені – Жетісу, Қызылорда және Атырау облыстарында.

Бұдан бөлек, интернет бағасы да өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы қыркүйекте интернеттің абоненттік төлемі бір жылда 7,2 пайызға қымбаттаған. Ең көп өсім Шығыс Қазақстан (15,4%), Солтүстік Қазақстан (10,6%) және Қостанай (10,2%) облыстарында байқалған. Ең төмен өсім Павлодар, Ақтөбе және Абай облыстарында тіркелді.