Иновация : Шымкенттегі мектептер биыл «ақылды» турникетпен толық қамтылады

Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мәлімдеді.

– Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы өзінің халық алдындағы есебінде бес басым бағытты белгілеп көрсеткен болатын. Соның ең алғашқысы – адами капитал. Осы адами капитал бағытындағы басқармаларға (Ішкі саясат, мәдениет, денсаулық сақтау, дін, білім) жауапты болған соң, аталған салалар бойынша есеп беріп отырмын. Ең алдымен, білім саласына тоқталсам: Шымкент қаласында 760 білім беру мекемесінде тәлім алушылар саны – 341 814. Яғни үшінші мегаполисте жоғарғы оқу орындарын қоспағанда, әр үшінші қала тұрғыны оқу ордасында білім алып жатыр деген сөз. Бүгінде бұл салада ауқымды іс көп. Мәселен былтыр қосымша біліммен қамту 46 пайыз болса, биыл ол көрсеткіш 74 пайызға жетті. Жалпы оңтүстік өңірлері бұған дейін қосымша білім тұрмақ, негізгі біліммен қамту бойынша да көш соңында жүретін. Өйткені бала туу көрсеткіші өте жоғары. Сол себепті оқу ордасында үш ауысымды, кейде төрт ауысымды жағдайлар кездесетін. Дегенмен Шымкент шаhары республикалық қала мәртебесін алған соң, соңғы үш жылда білім саласында, оның ішінде үш ауысымды мен апатты мектептерді жою мақсатында үлкен жұмыстар атқарылды, – деді Ш.Мұқан.

Спикердің сөзіне сүйенсек, бүгінде 7 798 оқушы жазғы сауықтыру лагерлеріне қамтылуда. Ал жаңа оқу жылында «Мектепке жол» акциясы аясында 55 748 оқушыға мектепке қажет керек-жарақтар мен киім-кешек алынады. Осы орайда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көп көңіл бөлініп, көш ілгері жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 21 мемлекеттік мектепте адамның келбетін танитын «ақылды» турникеттер орнатылса, осы жылы білім беру ұйымдары турникетпен 100 пайыз қамтылады. Оған қоса мамандандырылған күзетпен қамтамасыз ету және дабыл батырмасын орнату жұмыстары жүргізіледі.

Баспасөз мәжілісінде Шыңғыс Жұмабекұлы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қосымша білімге берілетін қаржының көлемі көбейіп жатқанын айтты.

«Осыған орай биыл Мәдениет басқармасы арқылы 1000 баланы, Спорт басқармасы арқылы 5000 баланы қамтығалы отырмыз. Ал Білім басқармасы арқылы қосымша білімді жан басына қаржыландыру моделін іске асыру бойынша бірқатар жоба атқарылып жатыр. Оны алдағы уақытта айтамыз», – деді ол.

Брифингте белгілі болғандай, қазіргі таңда қалада 32 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 10 222 орынға арналған 20 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал спорт алаңдарымен жабдықтау барысында қаладағы 148 орта білім беретін мектепте 139 спорт зал және 191 спорт алаңшасы қамтамасыз етілген. Бұл ретте 2021 жылы 28 мектептің ауласына спорт алаңшалары салынбақ.

Айта кетейік, Шымкент қаласы жаңа оқу жылын апатты мектепсіз бастайды. Ал үш ауысымды 14 мектеп жыл соңына дейін 9 ауысымды мектепке азаяды.

ПІКІР ЖАЗУ