ІІМ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыруға кірісті

Министрлікте Мемлекет басшысының “Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм” атты Қазақстан халқына Жолдауындағы тапсырмаларын іске асыру мәселесі бойынша кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министр жеке құрамға нақты міндеттер қойды.

– Президент қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын орнықтыру қажеттігін атап өтті. Ішкі істер министрлігіне ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, заңсыз иммиграция және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Есірткімен күрес және жолдағы қауіпсіздік – басты назарда. Тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда ішкі істер органдары маңызды рөл атқарады, – деді ведомство басшысы.

Министр ІІО-ның барлық басшыларынан алдын алу жұмыстарын күшейтуді, әрбір құқық бұзушылық бойынша қатаң шаралар қабылдауды және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды талап етті. Сонымен қатар жиында ағымдағы жылдың сегіз айындағы жедел қызмет нәтижелері қаралды. Жыл басынан бері қылмыстық құқық бұзушылықтар саны төрт мыңға, қылмыстар саны жеті мыңға қысқарды. Олардың ішінде ауыр, орташа және онша ауыр емес қылмыстардың саны азайған.

Сонымен қатар қылмыстың барлық санаттары бойынша ашылу жақсарған. Министр жеке құрам арасындағы тәртіпке ерекше назар аударды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы іске асыруда басшылар мен командирлердің дербес жауапкершілігін еске салды. – Біз азаматтардың сенімін ақтауға және еліміздің әр бұрышында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндеттіміз, – деп түйіндеді ІІМ басшысы.

 

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/iim-memleket-basshysynyng-qazaqstan-halqyna-zholdauynda-bergen-tapsyrmalaryn-iske-asyrugha-kiristi/?fbclid=IwY2xjawFJfbhleHRuA2FlbQIxMQABHYKmrgbuj23TVPhgXkahUyK5giUXW1n-12_YMwgdPiHWpIzapqVosLNkJA_aem_TasnpjTWdLDuVu3GDlum3w

ПІКІР ЖАЗУ