ІІМ бірінші орынбасары гүл дүкеніндегі дау жайлы пікір білдірді
ІІМ бірінші орынбасары Марат Қожаев Шымкенттегі гүл дүкенінде болған даулы оқиға туралы пікір білдірді. Ведеомство басшылығы гүл шоғын тартып алып кеткен ер адам сол кезде учаскелік полицей болғанын растады. Ал жәбірленушінің арызы неліктен дер кезінде қаралмағаны бойынша тексеру жүріп жатыр.
Марат Қожаев министрлік бұл оқиға туралы әлеуметтік желіде тараған видеодан соң хабардар болғанын айтты.
«Сол күні тексеріс басталды. Өздеріңізге мәлімдеме бердік. Ол полиция қызметкерінің қылығы бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Жәбірленушінің арызы неге уақытында қаралмағаны бойынша біздің Өзіндік қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері сонда барып, тексерістер жүргізіп жатыр. Олардың да жауапкершілігі қаралады. Дүкеннен гүлді алып кеткен адам сол кезде учаскелік полицей болғанын растаймын»,-деді Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген ІІМ бірінші орынбасары.
Бұдан өзге министрдің бірінші орынбасары қазіргі таңда ішкі істер саласында жан-жақты реформа жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Біздің салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер аспаннан салбырап түскен адамдар емес. Олар да біздің қоғамның мүшелері. Қоғамда түрлі жайттар болады, біздің де салада ондай боп қалады. Бүгінгі таңда біздің салада 126 мыңнан астам адам жұмыс істейді»,-деді ол.
Еске салсақ, Шымкенттегі гүл дүкенінде тәртіп сақшысы сатушыны соққыға жығып, гүлді ашықтан-ашық тартып алып кеткен болатын. ІІМ ол адамның ішкі істер саласының бұрынғы қызметкері екенін, 19 мамырда отбасылық жағдайына байланысты жұмыстан босатылғанын хабарлады. Ал гүл дүкеніндегі оқиға 8 мамырда болған.