Хиджаб киюге тыйым салатын петиция жарияланды

Жақында Қазақстан мектептерінде заң жүзінде хиджаб киюге тыйым салатын петиция жарияланған болатын. Петицияда «…Әр түрлі конфессиялардың діни тиесілілігінің киім элементтерін мектеп формасына енгізуге жол берілмейді. Осылайша,міндетті мектеп формасы заңнамалық деңгейде анықталған.

Алайда, қоғамда діни рәміздері бар киімге жол бермеу бөлігінде мектеп формасын сақтау міндеті заңнамалық деңгейде бекітілмеген, тек заңға тәуелді актілерге қатысты түсініктер жиі кездеседі.

Қазіргі таңда, хиджаб мәселесі өте өзекті болып отыр. Кейбір дін жолындағы ата-аналар қыздарына хиджаб кигізіп жатады. Бұл мәселеде Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығында «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды» деп көрсетілген болатын.  Мектеп оқушыларына хиджаб кигізу жайлы мәселе өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ақырындап орын ала бастады.

Біздің еліміміз ҚР Конституциясының 1-бабында зайырлы деп аталған. Яғни, мемлекет діннен ажыратылған, барлық дінге тең қарайды, сенім бостандығы бар, дін мемлекеттің, мемлекет діннің ісіне араласпайды. ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 3-бабы 4-тармағында «Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта» делінген. Демек, мемлекеттік мектептер тек зайырлы сипатта болуы тиіс.

Қазақстанның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушыларға діни киім киюге бола ма, жоқ па деген сұраққа: “Біз Конституция бойынша зайырлы мемлекетпіз. Мектептер заң бойынша жұмыс істейді. Сіз білімді адамсыз және өзіңіз түсінуіңіз керек”, –  деп жауап берген болатын. Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Қазақстан мектептерінде хиджаб кию мәселесі туралы заң талаптарына сәйкес барлық оқушылар мектепке классикалық үлгідегі киіммен келуі керек екенін айтты. Министр Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін және ел азаматтары Конституция бойынша өмір сүретінін атап өтті.

Білім туралы заңда қазақстандық оқушылар мектеп формасын киюі керек. Мектеп формасына қойылатын талаптар хиджаб киюге тыйым салады. Мектеп қабырғасында хиджаб киюге тыйым салу зайырлылық қағидаттарына сәйкес оқу орнының ішкі тәртібін сақтау мақсатында енгізілген. Мектептен тыс жерлерде бұл мәселе бойынша тыйым салулар қолданылмайды. Қыздарға арналған мектеп формасына мыналар кіреді: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері әлде сыдырмалы құлып бар тоқылған куртка/кардиган, поло жейде немесе футболка (қыста: тоқылған жилет, сарафан). Бос және ұзын қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұруы шарт.

«Бұл шешім білім алуға тең мүмкіндіктер жасау мақсатында қабылданып жатыр. Бұл мәселеде өзгеріс жоқ – барлығы заң аясында және бекітілген талаптар аясында болады. Мектепке бекітілген мектеп формасымен бару керек», деді министр.

Осы тұста Ғани Бейсембаев оқушылардың ата-аналарына мектепке барудың басты мақсаты – сапалы білім алу екенін назарға алуға кеңес берді.

«Білім саласында басқа мәселелерді қозғаудың қажеті жоқ. Бала сапалы білім алуы керек, бұған ата-ана заң бойынша өз үлесін қосуы керек, бәріміз заңның талабын орындауымыз қажет. Еске салайын, Конституцияда еліміз зайырлы мемлекет екені анық жазылған. Сондықтан балалар мектеп формасын кию керек. Бұл талап», деді ведомство басшысы.

 Мүфтият қыздарға орамал тағудың да, білім алудың да парыз екенін, алайда шариғаттың балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейтінін мәлімдеді.

Мүфтият шариғат бойынша балиғат жасына толған мұсылман қызға орамал тағу парыз екенін жоққа шығарған емес. Сондай-ақ орамал тағу ұлттық дәстүріміз. Мұны мұсылман қауымы терең түсінуге тиіс. Алайда шариғатымыз балиғат жасына толмаған қызға орамал тағуды міндеттемейді. Мұны да мұсылман жамағаты дұрыс түсінуі керек, – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Елімізде тіркелген 18 конфессия бар. Енді әр дін өкілі өз діни киімінде келсе, онда не болады? Балалардың арасында буллинг, діни негізде бөліну пайда болады. Оның үстіне бәрі тек киіммен ғана тоқталып қоймайтыны анық. Кейбір діни ағым өкілдері одан әрі талаптар қоюы әбден мүмкін: сурет салуға болмайды деп баласын бейнелеу өнері сабағына қатыстырмауы мүмкін, әлде музыка рұқсат емес деп музыка сабағына қатыстырмауы мүмкін. Бұның бәрі жақсылыққа апармайтыны анық. Бір сөзбен айтқанда бұл бүлікке апарады. Бүлікті еш дін қоштамайтыны анық. Демек, халықты бүліктен сақтау жөн. Мектепті діни бейтарап орта қылып қалыптастыру өте маңызды нәрсе. Балалар мектепте білім алып, дұрыс ер жетіп, қалыптасу керек.

ПІКІР ЖАЗУ