Халықаралық сарапшы: Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупі жоқ емес

 Қатар – өз аймағындағы ең беделді делдал елдердің бірі. Соңғы жылдары ол тек аймақтық емес, жаһандық деңгейдегі даулы мәселелерді шешуге араласып жүр. Дегенмен Израильдің Газаға жасаған шабуылынан кейін халықаралық құқықтың беделі мен әлемдік қауіпсіздік жүйесінің әлсіреуі күн тәртібіне қайта шықты. Саясаттанушы, халықаралық қатынастар бойынша сарапшы Риззат Тасым оқиғаға қатысты BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты.

– Риззат мырза, Қатардың Израиль шабуылына қатысты ұстанымын қалай бағалайсыз? Қатардың сыртқы саяси стратегиясының негізі неде?

– Қатар соңғы жылдары аймақтағы көптеген қақтығыстарда белсенді медиатор рөлін атқарып келеді. Ливан, Судан, Палестина мен Йемендегі бейбіт келіссөздер Қатардың бастамаларымен өтті. 

Қазақстан қоғамы үшін Қатардың танымалдылығы негізінен футболдан әлем чемпионаты арқылы және екеуара дипломатиялық қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілуінен кейін артты. Кейінгі уақытта қазақстандық жобаларға Қатар инвесторларының белсенді тартылуы оның еліміздегі беделін күшейте түсті.

Қатардың басты бағыты – диалог пен дипломатиялық шешім іздеу. Бұл оның ең алдымен өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрақтылығын сақтауға деген ұмтылысынан туындайды. 

Сонымен бірге Қатар өзін аймақтағы делдал әрі даулы тараптарды жақындастыратын көпір ретінде көрсеткісі келеді. Ол әскери күшке емес, «жұмсақ күшке» сүйенеді. Экономикалық қолдау, гуманитарлық көмек, дипломатиялық келіссөздер, міне, осы құралдар арқылы Қатар халықаралық аренада ықпалын арттырып отыр. Мысалы, Бейруттағы саяси топтарды бір үстел басына жинап, Доха келісіміне қол жеткізді, сондай-ақ Суданда Дарфур қақтығысы кезінде бітімгерлікке жол ашқанын айтуға болады. Оған қоса Палестина аймағын қалпына келтіруде Қатардың донор ретіндегі рөлі өте маңызды.

– Дегенмен, соңғы оқиғаға қарағанда Қатардың бастамалары үнемі нәтиже бермейтін сияқты?

– Әрине, шектеулер бар. Аймақтық геосаясатты ескерген жөн. Иран мен Сауд Арабиясының қарама-қайшы мүдделері, сондай-ақ басқа да ірі ойыншылардың қатысуы Қатардың бастамаларының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан Қатардың делдал ретіндегі миссиясы көбіне халықаралық ұйымдар мен өзге мемлекеттердің ықпалдастығына тәуелді. Бірақ осыған қарамастан, Қатар «шағын мемлекет» болса да, өңірдегі бейбітшілік мәселесінде ерекше орынға ие.

Біз тосын жағдайға куә болып отырмыз. Қатар ресми түрде бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынып, делегацияларды қабылдады. Бірақ дәл сол сәтте келіссөз жүргізуге келген тарапқа қарсы басқа бір мемлекеттің, яғни Израильдің әскери шабуыл жасауы халықаралық дипломатияның бекітілген және «жазылмаған» қағидаттарын өрескел бұзды. Осыған байланысты көптеген мемлекеттер, соның ішінде Қазақстан да Израильдің әрекетін айыптады.

Әзірге Израильдің осы қадамының түпкі себептері жөнінде нақты бірдеңе айту қиын. Дегенмен бір жайт айқын, Нетаньяху үкіметі өзінің экспансионистік бағытын ашық көрсетті. Мұндай саясат Израильді аймақтық қауіпсіздікке жауапты ойыншыдан гөрі тұрақсыздық факторы ретінде танытады. Сонымен қатар бұл әрекет халықаралық қауымдастықтың бейбітшілікке қол жеткізуге деген үмітін әлсіретіп, нақты нәтижелерден алшақтатып тастады.

– Осы жағдайдан кейін Үшінші дүниежүзілік соғыс туралы пікірлер қайта жаңданды, ықтималдығы қандай?

– Халықаралық тәртіпте дағдарыс бары анық. Бүгінгі басты қауіп – қарулану жарысының бұрын-соңды болмаған қарқын алуы. Соңғы он жылдықта әскери шығындар тұрақты өсіп келді, ал 2024 жылы ол рекордтық деңгейге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 9%-ға артты. Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институтының деректеріне сүйенсек, былтыр әлемдік әскери шығындар $2,7 трлн-ды құрады. Егер қазіргі үрдіс сақталса, 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш $6,6 трлн-ға жетеді.

Өткен жылдың өзінде жүзден астам мемлекет өздерінің әскери бюджеттерін қарқынды ұлғайтқан. Бұл жаһандық шиеленістің тереңдей түскенінің айғағы. Өйткені «іргедегі мылтық» ерте ме, кеш пе атылуы ықтимал. Сондықтан қауіп бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен, менің ойымша, егер жетекші державалар әлемдік тәртіпті сақтауға ортақ келісімге келе алмаса, бастаманы орта деңгейдегі державалар қолға алуға тырысады. 

Қазақстан мен Қатар секілді елдер өзін осындай жауапты ойыншы ретінде көрсетіп отыр. Мұндай жағдайлар орта державалардың БҰҰ-ның, әсіресе Қауіпсіздік кеңесінің қайта құрылуын күн тәртібіне белсенді шығаруына әкеледі.

– Әңгімеңізге рахмет!