Халық үніне құлақ асу–бүгінгі күннің басты талабы
Бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес, аудан әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген «”Қазақ соқырлар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің Леңгір оқу-өндірістік кәсіпорны” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі зағип жандардың тігіншілік кәсіп арқылы отбасыларын асырап отырғанын, қазіргі орналасқан ғимараттарының мемлекет меншігінде екенін айтып, мекеме теңгеріміне сатып алу мүмкіндігі жөнінде сұрады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс істеуіне ыңғайлы типтік ғимарат қарастыруды өтінді. Қоғамдық ұйымның өтінішін ескере отырып, сатып алу мүмкіндігімен ғимарат қарастыру жөнінде сала басшыларына тапсырма берді.
Шет елдердің тәжірибесін ескере отырып, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерге тыңайтқыш өндіруді қолға алған Искендер Құнанбаев өз жобасымен таныстырды. Жаңа технологияны ендіре отырып, тыңайтқыш дайындауды өз ауласынан бастаған тұрғын еңбегінің нәтижелерін көрсетті. Минералды және органикалық тыңайтқыш себу арқылы ауылшаруашылық өнімдерінің сапасын арттырып, көлемін ұлғайту мақсатында аталған мәселені зерделеуді қолға алады.
Ленгір қаласы Төлтебаев көшесінің тұрғыны Аймурза Купенов электр қуатының әлсіздігінен тұрмыстық техникалардың жарамсыз күйге түскенін, ондағы трансформатор істен шығуына байланысты, жаңасын орнатып беруді сұранды. Аталған көшені сапалы электр қуатымен қамту бағытында 2023 жылы бюджетке ұсыныс берілетінін жеткізді.
Амангелді көшесі бойында орналасқан екі қабатты тұрғын үйдің тұрғындары Гаухар Турапбаева, Нурхан Абдиходжаева жекеменшік иелегіндегі үйді табиғи газға қосу қажеттігін айтып, бұл мәселе бойынша бірнеше жылдар бойы көмек сұрап келгенін айтты. Амангелді көшесі бойына магистральді газ құбыры жүргізілгенін, әр жекеменшік тұрғын үй табиғи газды өз есебінен жүргізу қажеттігін түсіндірді.
Журналист Ләззат Асанова Алатау ауылдық округі тұрғындарының өтінішімен жер мәселесі бойынша жиын өткізуді, мемлекеттік мүлікті қайтаруды қолға алуды, І мөлтек аудан аумағында көпқабатты тұрғын үйлер арасынан заңсыз гараж құрылысы жүріп жатқанын айтты. Өз мақсатында пайдаланылмаған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мақсатында тұрғындарды басын қосып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытында жиындар өткізілуде.
Шаңырақ мөлтек ауданының тұрғындары Талғат Орынбеков, Жақыпбек Қасымбаев инженерлік – коммуникация жүйелерін тартуды сұранды. Тұрғындарға ең алдымен электр жарығын жеткізу үшін қосалқы станция құрылысы басталғанын, табиғи газды тартып, ауыз су құбырын жүргізіп, жол төсеу ісі 2023 жылы шешімін табатынын жеткізді.
Қорған елді мекеніндегі жер дауы бойынша 8 отбасының өкілдері келіп, елді мекен шеңберіндегі 3 га аумақ жекеменшік иелегіне өткенін, ол бойынша сот процессі жүріп жатқанын, тұрғын үйлерді жекеменшік деп тану жөнінде шешім шыққанын, ал жер жеке кәсіпкердің меншігінде екенін айтып, көмек сұрады. Сегіз отбасы, сегіз тағдырға байланысты мәселені зерделеуді аудан әкімінің орынбасары Лесбек Әуезханұлына тапсырды.
Жалпы, жеке қабылдауға келген әрбір тұрғын өзінің өзегін өртеген мәселені шешуге көмек сұрап келеді. Әрбірінің проблемасын тыңдап қана қоймай, оны ой елегінен өткізіп, барлығына көмек беру мүмкін емес кездер де болады. Дегенмен, заң аясында шешілуі тиіс мәселелер бойынша сала басшыларына хаттамалық тапсырмалар беріп, оның орындалуын аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы өз бақылауында ұстайды. Ал, аудан аумағында шешімін таппайтын проблемалар болса, тиісті орындарға жеткізіп, оның оңтайлы шешілуіне ықпал етуді қолға алған. Халықтың тұрмысын жақсартуға көзделген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалап, халықты ашық диалогқа шақырып, елмен етене араласып, еңбек етілуде.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі