Газ саласы: инфрақұрылымды жақсарту үшін тарифті арттыру ұсынылады

 Мамандар еліміздегі газ саласын жаңғырту үшін қомақты инвестиция қажет деген пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Еліміздің газ тасымалдау инфрақұрылымы тозып тұр. “Бұл мәселені шешу үшін нарықтық механизмге сүйеніп, бағаны арттыру қажет. Алайда халықтың қалтасына ауыр тимес үшін сараланған тарифті қолданған жөн”, дейді сала мамандары.

Қазір “QazaqGaz” пайдаланатын магистральді газ құбырлары мен жерасты қоймаларының көпшілігі өткен ғасырдың 60-жылдары салынған. Оларды пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кетті. Бұл – энергетикалық қауіпсіздікке қауіп.

Мамандардың айтуынша, еліміздегі газ саласын жаңғырту үшін қомақты инвестиция қажет. Алайда қазіргі тарифпен бұл қажеттілікті өтеу қиын. Ішкі нарықтағы газ бағасының төмендігі – халық үшін жағымды көрінгенімен, бүкіл жүйенің тұрақтылығына нұқсан келтіреді.

Газ бағасы Қазақстанда өте арзан. Мысалы, Еуропада 1 мың м³ үшін газ бағасы 400 доллар болса, біз Қытайға небәрі 25 доллар шамасында сатамыз. Мұндай жағдайда ешкім бұл салаға инвестиция салмайды. Пайда жоқ болса, қызығушылық та жоқ. Бірақ тұтасымен нарыққа жіберу де дұрыс емес. Әлеуметтік осал топтарға мемлекет көмектесуі керек, ал жоғары табысы бар азаматтар газды нарықтық бағамен сатып алғаны дұрыс. Газ саласын дамыту үшін нарықтық механизмдерді енгізу керек. Әйтпесе бұл сала өздігінен алға баспайды, – дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Сәбит Алмауыт. 

2023 жылы “QazaqGaz” ішкі нарықта газ сатудан 175 млрд теңге шығын көрсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 193 млрд теңгеге жетіпті. Компания тауарлық газды өзіндік құнынан төмен бағамен сатып, айырманы өз есебінен субсидиялайтынын алға тартады. 

Аймақтағы елдер арасында газ бағасы ең төмен ел – Қазақстан. Біздегі баға – шамамен 60 доллар. Ресейдің өзінде бізбен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Бұл, әрине, тұтынушыға жақсы, бірақ бүкіл секторға зиян. Қазір кәсіпорындардың инфрақұрылымды ұстауға қаражаты жоқ. Газ жүйесі – өте күрделі әрі шығынды сала. Сондықтан тарифті көтеру – қажеттілік. Бірақ барлығына бірдей емес – сараланған тәсіл қажет. Біз ұсынып отырған шешімдердің бірі – газ бағасын түпкі өнімдердің бағасына байлау. Бұл тыңайтқыш, полимер, мұнай-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға өз табыстылығын қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл – бүкіл әлемде қолданылатын, тиімді шешім”, дейді Argus Media өкілі Сергей Ағибалов.

Еліміздің газ саласының алдында күрделі таңдау тұр. Ол – әлеуметтік әділеттікті сақтай отырып, инфрақұрылымды жаңғырту және инвестиция тарту. Сарапшылар жоғарыда айтылған ұсыныс осы мәселені шешуге оң ықпал ететінін алға тартып отыр.

ПІКІР ЖАЗУ