Газ баллоны орнатылған көлікті жер астындағы автотұраққа қоюға болмайды

Газ баллоны орнатылған көлік құралдарын жерасты автотұраққа қоюға болмайды. Бұл өрт жағдайларының орын алуына себеп болады дейді төтеншеліктер. Бүгінде көлік жүргізушілерін осы ақпаратпен хабардар ету мақсатында өңірде «ГАЗБАЛЛОН» профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр.

Бүгінде елімізде газбен жүретін автокөліктер саны едәуір артқан. Сонымен қатар газ жүйесін техникалық талаптарды сақтамай орнату жағдайлары да тіркелуде дейді мамандар. Мұның барлығы өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамай, апаттың орын алуына түрткі болады. Сондықтан, жабық типтегі автотұрақтарға газ орнатылған көлікті қоюға болмайды. Тәртіпке бағынбаған көлік иесіне айыппұл салынады.

Аманбек Бейсембаев, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:  «Газдың бағасы тиімді болғандықтан, автокөлік иелерінің барлығы газ қондырғыларын қойып жатыр. Оны арнайы рұқсат етілген мамандармен қойып, полиция басқармасына тіркеуге алынып рұқсат етілсе ғана жүруге болады. Ал кейбір автоиелері рұқсат етілмеген жерден қойып алып, рұқсатсыз пайдаланады. Арнайы газ қондырғылары бар көліктер автотұрақтарға, паркингке кіруге тыйым салынады заң бойынша. Өрт қауіпсіздігі талабы бойынша және әкімшілік құқықбұзушылқ кодексінде арнайы бап бар. Ол жерде заңсыз қойылып, пайдаланған газ қондырғыларын әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Сол бойынша қаламызда қазір арнайы іс -шара өткізіліп жатыр”.

Шын мәнінде көліктің қандай жанармаймен жүретінін сырттай қарап анықтау мүмкін емес. Ал кез-келген көліктің құжатын сұрап, ішін тінту мамандардың құзырына кірмейді. Осыған байланысты төтенше жағдай министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен жоспары бойынша рейдтік шара жүзеге асуда. Шара соңында заңсыз газ балон орнатқан көлік иелері анықталады.

Ғалымжан Тұрсынбеков, Шымкент қаласы ПД ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы жергілікті полиция қызметінің подполковнигі: “Газ тиімді болғандықтан қазір адамдар өздігінен орнатып алады. Ешқайда ескертпейді, тіркетпейді. Соның салдарынан қауіпті жағдайлар орын алып, адам өміріне адам шығынына ауыр зардаптарға әкелетін әрекеттер орын алуы мүмкін. 10 АЕК айыппұл салынып, жазаланады. Осы орайда Сауда үйі мекемелері басшыларына басқа да тұрғын үй күзетшілеріне  осы жөнінде көлік жүргізушілеріне ескертіп, айтсаңыздар деп сұранамыз”.

Көлігіңіз газбен жұмыс істейтін болса, алдағы уақытта оны ғимараттардың астындағы паркингтерге қоюға асықпаңыз. Себебі, тыйым салынған! Ал заңға бағынбасаңыз сала мамандары бірінші кезекте сізге жай ескерту жасаса, келесі жолы айыппұл салатын болады.

ПІКІР ЖАЗУ