Ғабит Сыздықбеков: «сөз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс атқарыңыздар»
Бүгін қала әкімінің аппараттық мәжілісінде бірқатар мәселе талқыланды. Жиында Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек ауданның биылғы даму жоспарлары бойынша баяндама оқыды.
Биыл ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың ұсынысымен 44 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларында абаттандыру, жеке секторда 12 кешенді балалар ойын және спорт алаңшаларын орнату жұмыстары іске асады. Сондай-ақ, 8 ашық спорт алаңшасын орнату, 5 гүлзар салу, 200 көшені жарықтандыру, 78 көшені асфальттау және 54 ішкі орам көшелері мен көпқабатты тұрғын үй аулаларына аяқжол салу, 8 көшеге ирригациялық жүйелер орнату көзделіп отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғындардың келісімімен, 28 көпқабатты үйдің қасбеттерін реттеу, әрлеу және 7 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, аппарат отырысында Шымкент қаласының Полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Бейсенбаев криминогенді жарықтандырылмаған учаскілер туралы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, қалада өткен жылдың қорытындысына сәйкес қылмыс саны 34 пайызға азайған. Осы орайда Арман Арун-Рашидұлы қала тұрғындарының қауіпсіздігін арттыра үшін бейнекамералар мен электр бағаналарын көбейтуді сұрады.
Жиын барысында Шымкент қалалық Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Рзабек Меңдіқұлов жоспарларымен бөлісті. Басқарма басшысының сөзінше, биыл қала аумағында 1051 көшені жарықтандыру көзделіп отыр. Өткен жылы мегаполисте 564 көшеге жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл ретте қала тұрғындары да белсенділік көрсетіп, 39 көшеге жарықшам орнатты.
Қала басшысы жауаптыларға тұрғындардың өз есебінен қойылған көше жарықшамдарын заңдастыруды міндеттеді. Мәжілісті қорытындылаған Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына сөз жүзінде емес, іс жүзінде жұмыс атқаруға тапсырма берді.