“Форум мен іссапарға ақша жоқ”: Қазына қаражаты үнемделді

Қаржы министрлігі 2024 жылы республикалық бюджетті оңтайландыру аясында 410 млрд теңге көлемінде шығынды қысқартты. Бұл туралы министрлік BAQ.KZ тілшісінің ресми сауалына берген жауабында айтты.
Ведомствоның мәліметінше, бұл қадам бюджетті жоспарлау тиімділігін арттыру және әлеуметтік-экономикалық маңызы төмен бастамалардан бас тарту үшін қабылданған. Бюджетті жоспарлау тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік және экономикалық тиімділігі төмен жобалар мен әкімшілік шығындар қайта қаралды, – делінген министрлік жауабында.
Нақты қандай шығындар қысқарды? Министрліктің ақпаратына сүйенсек, бірінші кезекте маңызы төмен жобалар мен іс-шаралардың орындалу мерзімдері қайта қаралған. Атап айтқанда:
- әкімшілік ғимараттар салу,
• сол жылдағы жөндеу жұмыстары,
• күрделі шығындар секілді жобалар кейінге шегерілген;
• мемлекеттік органдардың іс-сапар шығындары, форумдар өткізу, зерттеу жүргізу сынды ағымдағы әкімшілік шығындары қысқартылған.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың тиімділігі төмен бағыттары бойынша да қаражат үнемделген. Мысалы: авиамаршруттар мен теміржол тасымалдаушыларға берілетін субсидиялар азайтылған.
Бюджеттік шығыстарды оңтайландырудың тағы бір жолы ретінде кейбір шығындарды басқа құрылымдарға өткізу тәсілі қолданылған. Мәселен, әкімдер сайлауын өткізуге арналған шығындар қайта есептелген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің кейбір шығыстары Ұлттық банк бюджетіне берілген.