Еуропарламент депутаттары ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясын қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Страсбургте өткен Еуропарламенттің кезекті отырысында депутаттар Еуропарламент депутаты Карстен Люкенің (Германия) ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясына арналған баяндамасына дауыс берді.

Дауыс беру күннің бірінші жартысында өтті. 543 депутат құжатты мақұлдаса, 42-сі қарсылық білдірді, 44 депутат қалыс қалды.

2019 жылдың маусымында Еуропалық Одақ 2007 жылғы бастапқы ЕО Стратегиясын жаңарта отырып, Орталық Азияға арналған ЕО стратегиясын қабылдады. Онда ЕО-ның аймақтағы стратегиялық мүдделері баяндалып, Орталық Азия мемлекеттерімен нығайтатын әріптестік орнату ұсынылды.

Еуропалық сыртқы әрекет қызметі 2019 жылғы ЕО Стратегиясы Орталық Азия аймағының Еуропалық Одақпен неғұрлым тұрақты және тығыз ынтымақтастықтағы экономикалық және саяси кеңістік ретінде дамуы мақсатында қабылданғанын атап өтті.

Геосаяси оқиғаларды және әлемдегі өзгеріп жатқан жағдайды ескере отырып, Германияның еуропалық депутаты Карстен Люке (Социалистер мен демократтардың прогрессивті альянсы фракциясы) 2023 жылы ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясына арналған жеке баяндама жасауға бастамашы болды.

Құжатта аталып өткендей, ЕО Стратегиясы қабылданғаннан бері (2019 ж.) аймаққа айтарлықтай сыртқы факторлар әсер етті. Ал баяндаманың мақсаты – жаһандық және аймақтық геосаяси өзгерістер жағдайында ЕО мен Орталық Азия арасындағы тығыз ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен сын-қатерлерін зерттеу.

Kazinform ХАА-ның Еуропалық Одақтағы меншікті тілшісімен сұхбатында құжатты әзірлеуге қатысқан Еуропарламент депутаттары ЕО-ның Орталық Азиядағы стратегиясына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Еуропарламент мүшесі Карстен Люке:

– Ең алдымен Еуропалық Одақтың Орталық Азияға арналған стратегиясы қабылданған 2019 жылға оралсақ, сол кезеңнен бері көптеген оқиғалар орын алғанын түсінуіміз керек.

Осы кезеңде біз коронавирус пандемиясынан аман қалдық. Қытай әлемдік аренада күшейе түсті. Орталық Азияда және аймақтың барлық мемлекеттерінде бәрі өзгеруде. Осы факторларды ескере отырып, мен әріптестерімді осы есепті қарастыруға және қабылдауға шақырдым. Енді біз ЕО-ның аймақтағы стратегиясын қайта қарауымыз керек. Көрейік, ол әлі де өзекті ме, әлде аздап өзгерту керек пе?

Бүгін көп нәрсе өзгерді. Орталық Азиядағы әріптестеріммен сөйлескенімде, олар да кеңірек ынтымақтастық пен серіктестікке дайын екендіктерін білдірді. Менің айтайын дегенім, бұл Ресейдің толық бөлінуін білдірмейді. Арамызда тарихи, мәдени байланыстар көп екенін түсінеміз. Және біз бұны қабылдауымыз керек.

Бірақ еуропалықтар мен Орталық Азия мемлекеттері, әсіресе Қазақстан, бірлесіп атқара алатын істер әлі де көп. Атап айтсақ, жаһандық климаттың өзгеруі, су ресурстарын басқару саласындағы өзара байланыс. Бұл өте маңызды.

Бірақ аймақта қауіпсіздік аспектілері де бар, өйткені біз Орталық Азиядағы барлық мемлекеттердің көршілері Қытай, Ауғанстан, Иран және Ресей екенін білеміз. Демек, бұл өте күрделі орта.

Өз баяндамамда мен еуропалықтар мен Орталық Азия мемлекеттері ретінде тығыз серіктестік, тығыз байланыстар және жоғары деңгейдегі шынымен жақсы ынтымақтастық үшін бірге қай жерде алға жылжи алатынымызды анықтауға тырыстым.

Еуропарламент депутаты Ильхан Кючюк (Болгария):

– Бұл Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасымызды дамытуға тамаша негіз деп ойлаймын. Өйткені бұл геосаяси себептермен ғана емес, сонымен қатар қауіпсіздік және басқа да күрделі сын-қатерлерге қатысты контекстте де маңыздылығы артып келе жатқан аймақ.

Бұл Еуропа мен Орталық Азия үшін ғана емес, жалпы жаһандық сынақтар.

Оларға қарсы тұру үшін бірлесіп әрекет етуіміз керек. Мен екі жақтың бір-бірін жақсы түсінуі үшін тығыз жұмыс істеуге кеңес беремін; қарым-қатынастарымыздағы кемшіліктерді жеңу маңызды.

Бірақ мен стратегиямызды одан әрі қарым-қатынастарды қалай дамытуға болатынымыз үшін жақсы негіз деп санаймын. Менің түсінуімше, бұл әлдеқайда тиімді болуы керек.

ПІКІР ЖАЗУ