Еуропа Қазақстан арқылы өтетін жобаға 10 млрд еуро салуға дайын

Ашхабадта өткен баспасөз мәслихатында Еуроодақтың сыртқы істер жөніндегі жоғарғы өкілі Кая Каллас Еуропалық және халықаралық қаржы институттары Транскаспийлік көлік дәлізін дамытуға 10 миллиард еуродан астам қаржы салуға дайын екенін мәлімдеді.

Бұл туралы Turkmenportal.com хабарлады, деп жазады BAQ.KZ.

Транскаспийлік көлік дәлізін дамыту – қазіргі таңда ең ірі жобалардың бірі. Еуропалық және халықаралық қаржы ұйымдары бұл жобаға 10 миллиард еуродан астам инвестиция салуға дайын, – деді Каллас.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТМТМ) – Қытай мен Еуропаны жалғайтын маңызды логистикалық дәліз. Бұл бағыт Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы Түркия мен Еуропаға дейін жалғасады. Бұл маршрут Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық интеграцияны күшейтіп, көлік бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Калластің айтуынша, Еуроодақ Орталық Азия елдерімен ынтымақтастықты күшейтуге ниетті. Болашақта ЕО мен ОА арасындағы әріптестік жастар алмасу, бизнес, академиялық байланыстар және басқа да бағыттарды қамтитын болады.

ПІКІР ЖАЗУ