Ет экспортынан Түркістан облысы елімізде бірінші орында тұр

Аграрлық салаға көрсетілген мемлекеттік қолдау мен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысында мал шаруашылығы тұрақты даму үстінде. Еліміздегі ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 19 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы өңірдің үлесінде. Бүгінгі таңда облыста 1 млн. 120 мың бас ірі қара мал, 5 млн. 34 мың бас қой, 474,7 мың бас жылқы, 43,9 мың бас түйе, 2 млн. 167 мың бас құс бар.

Облыста 7 айда 112,8  мың тонна ет, 280,2 мың тонна сүт, 143,6 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Ет экспорты бойынша Түркістан өңірі республикада көш басында. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде.  Биылғы 7 айда 6,9 мың тонна ІҚМ, 4,7 мың тонна қой еті экспортқа шығарылды.

Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр. Облыста жалпы 9183 ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 бастан – 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңында 35 мың бас ІҚМ бордақылануда.

Ет экспортын арттыруда Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, 8 айда «Тұран Агро Ет-Сүт» АШӨК-і  3500 тонна сиыр етін және 1560 тонна қой етін Өзбекстан еліне экспорттаса, «Қайып ата» ЖШС 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға экспорттады. «Қайып ата» ЖШС Тәжікстанмен 110 тонна ет экспорттау бойынша келісімшарт жасады. Экспорт осы айдан бастап жүзеге асырылады.

Республикалық делегацияның Австралия еліне жасаған іссапары қорытындысымен жалпы құны 55,2 млрд. теңгеге 5 ірі инвестицялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Соның ішінде «Қайып ата» ЖШС 3 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырмақ.

Атап айтқанда, 2025 жылы Арыс қаласында 25 мың ІҚМ басына арналған бордақылау кешені іске қосылады. Ал 2025-2026 жылдары Сайрам ауданында «1500 басқа арналған ірі қара малды сою және өңдеу» жобасы мен «Мал сату биржасы» жобасы жүзеге асырылады.

ПІКІР ЖАЗУ