Естелік пен алғыс: Абай облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде атап өтілді

9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Абай облысының елді мекендерінде батырларды еске алуға және тыл еңбеккерлерін құрметтеуге арналған салтанатты іс-шаралар өтті.

Ең ауқымды шаралардың бірі Семей қаласында ұйымдастырылды. Облыс орталығында Жеңіс саябағында «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли, қала тұрғындары мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты.

Мереке қарсаңында жастар Жеңіс шырағын жағу флешмобын өткізді. Шамдардан «Ұлы Жеңіс 80» деген жазба бейнеленді.

Мерекелік іс-шаралар барлық облыс аумағын қамтыды. Мәселен, Абай ауданында Жеңіс саябағында «Белгісіз солдат» ескерткішінің жанында «Шыңғыстаудың даңқты батырлары» атты іс-шара өтті. Оған аудан әкімі Мейіржан Смағұлов, мәслихат төрағасы Мақсат Нұрсұлтанұлы, тыл ардагерлері, ақсақалдар мен әскери қызметшілер қатысты. Салтанатты рәсімге қатысушылар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Салтанатты жиында аудан әкімі және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Мұқажан майдангерлердің ерлігі мен тыл ардагерлерінің қажырлы еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, «Жеңіс лентасын тарату» акциясы өткізіліп, көрермендерге «Қаламқас» халық ән-би ансамблінің концерті ұсынылды.

Бесқарағай ауданында Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев, мәслихат төрағасы Мейрамгүл Әбілғазинова, тыл ардагерлері, ауған соғысының жауынгерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері және тұрғындар қатысты.

Даңқ гирляндасы мен гүл себеттерін қою ата-бабалардың ерлігін құрметтеудің белгісіне айналды. Жиналғандар бір минут үнсіздікпен қаза тапқандарды еске алды. Аудан әкімі өз сөзінде соғыс және еңбек ардагерлерінің батырлығы халық жадында мәңгі сақтатынын атап өтті. Шара мерекелік концертке жалғасып, патриоттық әндер шырқалды.

Аягөз ауданында салтанатты іс-шара орталық алаңда өтті. Гүл шоқтарын қою рәсіміне аудан әкімдігі өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметшілер, жастар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Бір минут үнсіздік жарияланып, аудандық мәдениет үйі ұйымдастырған мерекелік концертке жалғасты. 3 000-нан астам тұрғын патриоттық іс-шараның қатысушысы болды.

Бородулиха ауданында «Теңдесі жоқ тарихи жеңіс» атты мерекелік іс-шара өтті.

Ипподромда бәйге және қазақша күрес пен армрестлинг турнирлері өткізілді. Бұл – 2019 жылдан бері аудандық ипподромда өткізілген алғашқы ауқымды шара. Бәйгенің қайта оралуы қатысушылар мен көрермендер үшін жарқын оқиғаға айналды.

Бәйге бағдарламасында дәстүрлі және ұлттық ат жарыстарының түрлері ұсынылды:

– Тай-бәйге (3 шақырым)
– Қысқа арбамен жарыс (4 шақырым)
– Тегіс жарыс (2,4 шақырым)
– Құнан бәйге (6 шақырым)
– Топ бәйге (12 шақырым)
– Жорға жарыс (5 шақырым)
– Аламан бәйге (20 шақырым)

Жүлде қоры 6,5 миллион теңгеден асты.

Сайыстар мерекелік бағдарлама, өнерпаздардың өнер көрсетуі және патриоттық әндердің орындалуымен жалғасты.

Аудан әкімі Айдар Ибраев ата-бабалардың ерлігі мен салт-дәстүрлер сабақтастығын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Бас төреші Төлеутай Қадыров жастардың бәйгеге қатысуы – ұлттық спорт түрлерінің болашағына деген үлкен сенім екенін ерекше атап өтті.

Осы айтулы күні Ұлы Жеңіс күні туралы естеліктер облыстың барлық қала-аудандарының тұрғындарын біріктірді.

ПІКІР ЖАЗУ