“Есіме түсіргім келмейді”: Желтоқсан оқиғасының куәгері өз шындығын айтты
Атырау қаласының тұрғыны Мейрамбек Бижанов 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының бел ортасында болғандардың бірі. Ол билікке өз ойын жеткіземіз деп алаңға шыққан жастардың қандай азап көргенін KAZ.NUR.KZ тілшісіне айтып берді. Мейрамбек Бижанов әскер қатарынан оралғаннан кейін Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің география мамандығына оқуға түскен. Желтоқсан оқиғасы болған кезде 2 курс студенті болғанын айтады. Ол кезде жасы 21-де еді. “Университетте Қонаевты биліктен алып тастапты. Жаңа басшылыққа мүлдем таныс емес орыс ұлтының азаматы Колбин деген кісі келіп жатыр” деп барлық студенттер шулап жатты. Жастардың алаңға жиналып жатқанын да естідік. 16 желтоқсан күні біз де курстастарымызбен сонда бардық. Алаңда ешқандай айқай-шу жоқ. Жастар плакаттарға “Әр халыққа-өз көсемі!”, “Қазақстан жасасын!” деген сынды ұрандарды жазып алған, бейбіт түрде биліктен жауап беруді сұрап жатыр. Біз де солардың арасында болдық. Сұрағымызға жауап аламыз деп күттік. Бірақ ешкім жауап бермеді”, – дейді Мейрамбек Бижанов. Мейрамбек Бижанов тарихшылармен, солдан оңға қарай бірінші. Фото: Мейрамбек Бижановтың жеке мұрағатынан Куәгер Кеңес үкіметі кезінде халық “әр адам өз ойын айтуға құқылы, ешкім ешкімге зияндық жасамайды” деген идеологиямен өмір сүргенін, билік басындағылардан оқиғаның осылай шиеленісуін күтпегенін айтады. Алайда Брежнев есімімен аталатын алаңда студент және жұмысшы жастар соққыға жығылған.