“Ешкім көмексіз қалмайды”: ДСМ желідегі дауға жауап берді

  Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде “пациенттер медициналық көмексіз қалады” деген пікірлер тарағаны белгілі. Аталған мәселені Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева түсіндіріп берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Желіде тараған пациенттердің көмексіз қалатыны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Денсаулық сақтау министрлігі динамикалық бақылауда тұрған барлық пациентке, әлеуметтік маңызы бар аурулары бар азаматтарға медициналық көмекті толық көлемде көрсетуді жалғастырады. Қандай көлемде көмек көрсетіліп келді, дәл солай бүгін де көрсетіліп жатыр. 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін де, одан кейін де осы көмекті алады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, диагностика, стационарлық ем – барлығы сақталады. Тек өзгеретін нәрсе – қаржыландыру көзі, – деп түсіндірді департамент басшысы.

Айтуынша, бұрын бұл шығындар ТМККК пакетінде болған, енді олар ӘМСҚ пакетіне өтеді.

Осы топтағы пациенттердің басым бөлігі – медициналық сақтандырылғандар. Тағы қайталап айтамын: 15 жеңілдікті санат бар: балалар, мүгедектігі бар азаматтар, жұмыссыздар, зейнеткерлер, студенттер, әскери қызметкерлер, декреттегі аналар – олардың барлығының сақтандыруын мемлекет төлейді. Сол себепті бұл топ медициналық көмектен тыс қалмайды, – деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Сонымен қатар ведомство өкілі нақты қандай диагноздардың қамтылатынын да айтты.

Ауыр диагноздардың ішінде – ДЦП, 1 және 2 типтегі қант диабеті, дәнекер тінінің аурулары, ревматизм бар. Дәнекер тінінің ауруларының көпшілігі – орфандық аурулар. Ал орфандық аурулар әлеуметтік маңызы бар аурулардың тізіміне кіреді. ДЦП бойынша да жағдай түсінікті: мұндай пациенттердің 98%-ының мүгедектігі бар, демек олар сақтандырылған. Сондықтан бұл санатқа “медициналық көмек тоқтайды” деген қауіп жоқ, – деді спикер.

Сонымен бірге заңда Д және Е санаттарына – әлеуметтік осал топтарға сақтандыруды жергілікті әкімдіктердің төлеу тетігі қарастырылған.

Қант диабеті мәселесі ең көп талқыланып жатыр. Бізде 535 мыңдай диабетпен тіркеуде тұрған пациент бар. Оның ішінде 1 типтегі диабетпен 31 мың адам ауырады. 1 тип көбіне жас балаларда анықталады. Біріншіден, балалар үшін сақтандыруды мемлекет төлейді, екіншіден, олардың мүгедектігі бар болса, автоматты түрде сақтандырылады. Сондықтан балаларға қатысты ешқандай қауіп жоқ. Ересектер бойынша да солай: егер ағза қызметі бұзылған болса, мүгедектік рәсімделеді және сәйкесінше сақтандырылады. Ал 2 типтегі қант диабетіне шалдыққан 500 мыңнан астам адам бар. Желідегі шу – ақпараттың толық жеткізілмеуінен деп ойлаймын. Жағдай бұрын қалай болды – дәл солай қалып отыр. Медициналық көмек тоқтамайды, – деді Гүлнар Сәрсенбаева.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде қант диабеті, церебральды сал ауруы (БЦП) және басқа да созылмалы аурулары бар пациенттер медициналық көмек пен дәрі-дәрмектерге қолжетімділіктен айырылды деген ақпарат тараған болатын.