Ерте араласу бөлімшесі мүгедектікті азайтуға мүмкіндік береді

Шымкенттегі күрделі жөндеуден өткен №2 оңалту орталығынан бүгін «Қамқорлық» ерте араласу бөлімшесі ашылды. «Қазақстан халқына», «Қамқорлық», «Samruk-Kazyna Trust» қоғамдық қорлары арасындағы меморандум аясында ашылған бөлімшеде неврологиялық, ортопедиялық және кардиологиялық патологиялары 18 жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсетіледі.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов орталықтың ашылуына арналған жиынға қатысып, сөз сөйледі.

«Бұл қаламыз үшін инновациялық орталық болып табылады. Мақсатымыз – мүмкіндігі шектеулі балаларымызды белсенді өмірге бейімдеп, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінуге ықпал ету.

Мамандар әр баланың ауру тарихын ескере отырып, жеке бағдарлама аясында емдеу жүргізеді. Балаларға жағдай жасау, қамқорлық көрсету – азаматтық борышымыз» – деді қала әкімі.

Мұнда нейро-ортопедиялық ауруларға, церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға заманауи әдістемелерге негізделген оңалту қызметтері көрсетіледі. Заманауи талапқа сай жабдықталған жаттығу залдары және Механотерапия, Эрготерапия залдары қарастырылған.

Бөлімше оңалтуды қажет ететін балаларды тиісті ем-шаралармен қамту көрсеткішін арттыра отырып, мүгедектікті барынша азайтуға мүмкіндік береді.

 

ПІКІР ЖАЗУ