Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының су жүру қаупі бар аудандарын тікұшақпен айналып өтті
Қарағанды облысында қазіргі уақытта өңір аумағының 60%-ы қар астында, өзендер қысқы режимде. Десек те су тасқыны басталды. Жедел штаб жағдайды тәулік бойы бақылауда. Барлық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ТЖД бастығы Мұрат Қатпановпен бірге су тасқыны қаупі бар аудандарды тікұшақпен аралап шықты.
Облыстың бас құтқарушының айтуынша, өңірде көктемгі су тасқыны 18 наурызда басталған. Дәл сол кезден бастап тұрғындардың аула аумақтарын су басу қаупі туралы алғашқы өтініштері келе бастады.
– Жағдай 25 және 26 наурызда күрделене түсті. Шет ауданы Ағадыр кентінде және Қарағандыда су тасқыны байқалды. Екі жағдайда да қызыл су ен даладан келді. Ағадыр станциясында арық жүйесі қарқынды суды қабылдауға қауқары жетті, бірақ жекелеген учаскелерде қар суы арықтан асып төгілген жайттар да болды. 20 бірлік техника және 80-ге жуық адам тартылды. Қазір жағдай тұрақты, – деді Мұрат Қатпанов. – Қарағандыда Үштөбе ауылы жағынан үлкен көлемде еріген су келді. Нөсерағарлар бұл ауқымды көлемді қабылдауға шамасы жетпей қалды. Бұл өз кезегінде Кеншілер, Республика, Құрылысшылар даңғылдарын су басуына алып келді. 26 наурызда сағат 20:00-ге дейін ағын су көлемі төмендеді.
Облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерін су басу деректері бар. Атап айтқанда, Осакаровка мен Молодежный кенті арасында қатты су ағыны жол жиектерін жартылай шайып кеткен. Қазір Ақтоғай және Шет аудандарының автожолдарында су тасқыны тіркелді. Айтарлықтай су тасқыны қаупі жоқ.
– Облыстық маңызы бар жолдардың жекелеген учаскелерінде су тасу байқалады. Онда жол ұйымдарының қызметкерлері, ТЖД қызметкерлері кезекшілік етуде, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Сондай-ақ, қажет болған жерлерде суды сорып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мен тұрғындарға сақтық шараларын сақтау керектігін ескертемін. Штаттан тыс жағдайлар туындаған жағдайда дереу жергілікті атқарушы органдарға, оның ішінде әкімдіктер мен ТЖД-ға жүгіну қажет.
Алдағы екі күнде өңірде ауа температурасы жоғарылайды, ішінара жауын-шашын болады деп күтілуде. Бұл су тасқыны жағдайына әсер етуі мүмкін.
Облыс тұрғындарынан су басу қаупі және еріген судың жиналуы туралы деректерді келесі телефон арқылы хабарлауды сұрайды: (8-7212) 43-36-36, 43-37-37, 112.