Ерлі-зайыптылар ажырасқанда мүлік, ипотека және қарыз қалай бөлінеді

 Ажырасу – еліміздегі ең өзекті әлеуметтік мәселенің бірі. Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде мүлікті бөліске сала алмай қиналады. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі неке бұзылған жағдайда “берешек қалай өтеледі, жылжымайтын мүлік кімдерге қалады, отбасылық қарызды кім қайтарады” деген сынды сауалдарға жауап іздеді.

2024 жылы Қазақстанда 123 мыңнан астам неке тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артық. Дегенмен ерлі-зайыптылардың 40 мыңнан астамы ажырасқан.

Ажырасқанда несие мен қарыз қалай бөлінеді?

Заңгер Бағдат Амандосұлы ажырасу кезінде неке шартының жасалуы, қарыздың қайтарылу жолдарына тоқталып өтті. Оның айтуынша, ерлі-зайыпты отбасы қажеті үшін қарыз алса, берешек соманы екі жақ тең төлеуге міндетті екенін атап өтті. Несие немесе қарыз ақша ерлі-зайыптының біреуінің мақсатына ғана жұмсалса, қарызды сол адам өзі жабуы керек.

Барлық берешек автоматты түрде ерлі-зайыптылардың арасында заңды түрде ажырасқаннан кейін бөлінбейді. Себебі бізде заңда, нақтырақ айтқанда неке және отбасы туралы кодекстің 33-бабының, 3-тармағы нақты көрсетеді. Ол жерде егер қарыз бір жұбайдың жеке қажеттіліктеріне немесе оның жеке мүдделері үшін алынса, онда ол сол адамның жеке міндеттемесі болып саналады. Ал егер қарыз неке кезінде ортақ қажеттіліктерге алынған болса және ол дәлелденсе, онда бұл қарыз ортақ мүлікпен қатар екеуіне тең үлеспен бөлінеді. Яғни тұрғын үй немесе балаларды асырауға жұмсалатын ақша. Сот тәжірибесінде дәлелдер өте маңызды. Сондықтан несие қандай мақсатта алынды, қаражат қайда жұмсалды, келісімде екі тараптың қолы бар ма, жоқ па – осының бәрі ескеріледі, – деді заңгер.

Көп жағдайда ерлер үй жөндеуге, жиһаз не басқа зат алуға несиені әйелінің атына алады. Мұндай жағдайда ажырасқалы жатқан әйел сотқа “Несиені бөлу” деген талаппен баруы керек. Сот мұның заңды некеде тұрғанда алынғанын растаса, несиені екіге тең бөліп төлеуді міндеттейді. Несиені оны алған адам жабуы керек, ал жолдасы оны тек қарыз ретінде төлеп отырады.

Мүлік қалай бөлінеді?

Жылжымайтын мүлік бөлінген кезде, егер олардың арасындағы келісімде өзге нәрсе көзделмесе, ерлі-зайыптының әрқайсысының үлесі тең деп танылады. Яғни барлық мүлік 50/50-ге бөлінеді. Сот осы тармақты кәмелетке толмаған балалардың немесе ерлі-зайыптылардың бірінің мүддесін ескере отырып, қайта қарауға қақысы бар (егер ол негізсіз себеппен кіріс алмаған болса немесе ортақ мүлікті отбасы мүддесіне зиян келтірсе). Айтпақшы, мүлікті бөлудегі жалпы қарыз күйеуі мен әйелі арасында оларға берілген үлестерге сәйкес бөлінеді. Ажырасу әйелдің жүктілік кезінде және баланың бір жасына дейін ерлі-зайыптының келісімінсіз мүмкін емес.

Жалпы қағида бойынша, неке кезінде алынған мүлік ерлі-зайыптылар арасында тең үлеспен бөлінеді. Бұл қағида ҚР неке және отбасы кодексінің 33 бабында көрсетілген. Ажырасу кезінде бөлінетін мүлікке мыналар жатады: тұрғын үй, көлік, жер телімдері, қымбат жиһаздар, тұрмыстық техникалар, ақша, депозиттер, компания акциялары, бизнестегі үлес. Ал бөлінбейтін мүліктерге не жатады деген сауалға келер болсақ, некеге тұрғанға дейін алынған мүлік бөлінбейді. Сондай-ақ, сыйға алынған заттар, жылжитын, жылжымайтын мүліктер, тұлғаның жеке пайдалануына алынған заттарды жатқызуға болады. Сонымен қатар кәмелет жасына толмаған балалардың киімдері, ойыншықтары мен бұйымдары бөлінбейді. Бөлінбейтін сыйға тартқан заттар қымбат болмауы қажет. Мәселен, күйеуі әйеліне шуба, алтын, бриллиант сынды заттарды сыйға берсе, ол бағалы сыйлық деп танылады. Ол құнына қарай бөлінеді. Бір айта кететін жайт, неке шарты жасалған жағдайда онда бөліну сол шартқа сәйкес жүргізіледі. Яғни неке шарты жасалған жағдайда ол нотариуспен міндетті түрде куәландырылуы қажет, – деді заңгер.

Заңгердің айтуынша, несиеге алынып, несиесі әлі бітпеген көлікті де бөліске салу оңайға түспейді.

Егер көлік неке кезінде алынған болса және ол екі жұбайдың ортақ мүлкі ретінде тіркелсе, онда көлікте оның несиесі де ортақ міндеттеме болып есептеледі. ҚР неке және отбасы кодексінің 31 бабы бойынша неке кезінде алынған мүлік, егер басқа жағдайда дәлелденбесе, ортақ мүлік болып саналады. Сәйкесінше, несие де ортақ жауапкершілікке жатады, – деді Бағдат Амандосұлы.

Неке шарты деген не және оның пайдасы қанша?

Неке шарты – некеге тұратын адамдардың неке бұзылған жағдайда мүліктік құқығы мен міндетін айқындайтын құжат. Шартта туған немесе асырап алған балалардың мүліктік құқығы да жазылады. Шарт жасасқан ерлі-зайыпты ажырасқан соң, қолында не қалатынын біліп жүреді.

Жылжымайтын мүлікті ипотекаға рәсімдемес бұрын неке шартын жасаған дұрыс. Неке шарты бұл ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін өзара келісім арқылы реттейтін құқықтық құрал. Себебі неке шарты арқылы кез-келген мүлік кімге тиесілі екендігі көрсетіледі. Қарыздарда кім жауапты болатыны алдын-ала көрсетіледі. Ипотекаға алынатын үй кейін ажырасқан жағдайда қалай бөлінетінін нақты көрсетуге болады. Ол өте тиімді және дұрыс. Болашақта мүлікті бөлу дауларының алдын-алуға көмектесетін заңды әрі тиімді әдіс деп айтуға болады. Біздің елімізде неке шарттары нотариуста куәландырылады, олардың заңды күші бар. Ипотека немесе ірі кредит алатын ерлі зайыптылардың арасында міндетті түрде неке шартын жасау керек деп ұсынамын, – деді Бағдат Амандосұлы.

Шартта мына сұрақтар қамтылуы тиіс:

– Ерлі-зайыптылардың ипотекаға алған пәтері кімге тиесілі болады?
– ⁠Балаларға мүліктен қандай үлес бөлінеді?
– ⁠Ажырасқан жағдайда ипотеканы кім төлейді?
– ⁠Ажырасқан жағдайда ерлі-зайыптылар пәтерді қалай пайдаланады?
– ⁠Белгілі бір жағдайларда ерлі-зайыптылардың бірі екіншісіне қанша қаржы төлеуге міндетті
– ⁠Ерлі-зайыптылар отбасылық бюджетті қалай жоспарлайды және шығындарды қалай бөледі?

Қортындылай келсек, ерлі-зайыптылардың арасында мүліктік мәселелелерді әрдайым тең бөлінбейді, нақты жағдайлармен дәлелдерде, сондай-ақ заңды келісімдерге байланысты болады. Сондықтан әрбір азамат ажырасқан жағдайда заңды кеңес алып, білікті заңгерлерден құқықтық жағдайын қорғағанын дұрыс. Сондықтан некені тіркемес бұрын заңгерлерден ақылы болса да кеңес алып алған жөн болады, – деді заңгер Бағдат Амандосұлы.

Мүлікті бөлуге талап қою кезінде ұсынылатын құжат тізімі:

талап арыз;
неке туралы куәлік;
жеке куәліктің көшірмесі,
өтініш берушінің төлқұжаты;
егер балалары болса, баланың немесе баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі;
талапкерден және жауапкерден жалақысы туралы анықтама (болған жағдайда);
мемлекеттік баж салығын төлегені туралы түбіртектің түпнұсқасы – талап ету сомасының 1%, яғни мүлік құнынан;
бірлесіп сатып алынған мүлік тізімі.

Ажырасу туралы өтініш онлайн режимінде egov.kz порталы арқылы беріледі. Егер ортақ келісіммен, кәмелетке толмаған баласы болмаса, мүліктік және басқа да талап болмағанда некені сот арқылы бұзу ерлі-зайыптының өтініш берген күнінен бастап бір ай өткен соң жүзеге асырылады.

ПІКІР ЖАЗУ