“Енді тісімізді қалай емдейміз?” – Министрлік соңғы шешімін жариялады

 Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов БЖЗҚ қаражаты есебінен көрсетілетін стоматологиялық қызметтерге қатысты соңғы шешімді жариялады. Оның айтуынша, бұған дейін дауға ұласқан мәселеге байланысты құзырлы органдар тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Құзыретті органдармен бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижелері бойынша нақты шешім қабылданады. Сол процеске қатысы бар барлық субъектілер мен объектілерге қатысты тергеу жүргізілуде. Біздің министрліктің өз ішінде де қосымша қызметтік тексерулер басталды, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, қазіргі таңда “Ашық НҚА” порталында министрліктің тиісті бұйрығы талқыланып жатыр. Құжатқа сәйкес, БЖЗҚ қаражатынан стоматологиялық қызметтерге қаржы бөлу тоқтатылады.

Журналист сұрағына жауап берген вице-министр бұл шешімнің қазіргі уақытта соңғы екенін атап өтті.

Қазіргі таңда бұл – соңғы шешім. Болашақта не болатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ бүгінге бұл – нақты шешім. Алдымен тергеу толық аяқталсын. Процестегі және ұйымдастырудағы барлық ақаулар анықталуы тиіс. Содан кейін ғана бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін, – деді Оспанов.

Оның сөзінше, бүгінге дейін анықталған заңсыз пайдаланылған қаражаттың сомасы 240 миллиард теңгеден асқан. Бұл тек үш-төрт өңірдегі жағдай бойынша анықталған дерек. Басқа өңірлердегі жағдай тергеу барысында белгілі болады.

Бұл мәселеге тергеу аяқталмайынша және тиісті азаматтарға қатысты нақты шешім қабылданбайынша қайта оралмаймыз. Министрліктің қазіргі ұстанымы – осы. Бұл – бүгінгі күнгі нақты әрі соңғы шешім, – деп айтты вице-министр Ербол Оспанов.

Айта кетейік, ҚР Қаржы мониторингі агенттігі “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан” (БЖЗҚ) заңсыз ақша шығару схемасына қатысы бар 5 қылмыстық топтың қызметін әшкереледі. Олар жалған құжаттар рәсімдеу арқылы азаматтарға зейнетақы жинақтарын шешуге көмектескен.

Белгілі болғандай, елімізде зейнетақы жинағынан тіс емдеуге қаржы алуға тыйым салынды. 

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев медициналық сақтандыру аясында тіс емханаларында болып жатқан күмәнді әрекеттерге назар аударды. Ол халық өз ақшасын қайда жаратса да, өз еркі деп санайды.