Енді мобильді шотқа түскен ақша да тексерілуі мүмкін

Бүгін Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кірістерді жылыстату және терроризмді қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл заң жобасы Қаржылық мониторингті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын және заң жобалау жұмыстарының жоспарын іске асыру аясында әзірленген.
Жеңіс Елемесовтің айтуынша, қаржылық қылмыстар ел экономикасының тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді. Қылмыстық жолмен табыс тапқан тұлғалар күрделі схемаларды қолданып, кірістерін жасырудың жаңа тәсілдерін үнемі іздейді. Сондықтан заңнаманың қазіргі заманғы сын-қатерлерге үнемі бейімделіп отыруы қажет.
Заң жобасында көзделген негізгі өзгерістер:
- Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілеттіктерін кеңейту. Енді агенттікке коммерциялық емес ұйымдар тарапынан жасалуы мүмкін күдікті операцияларды анықтау және талдау міндеті жүктеледі. Бұл қаржылық қылмыстардың алдын алуға және оларды ертерек кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
- Жаңа субъектілерді тарту. Ұялы байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қаржылық мониторингтің жаңа субъектілері ретінде енгізіледі. Ұялы байланыс операторлары — мобильді шоттарға толтыру операциялары туралы, ал «Азаматтарға арналған үкімет» — нотариустар арқылы жасалатын, құны 50 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік мәмілелері бойынша ақпарат береді.