Енді әкімдіктердің жерді пайдалануды бақылауға құзыреті жүрмейді

Әкімдіктер жер беруді және берілген жердің пайдаланылуын бақылау жөніндегі функцияларынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

«Бұрын (2014 жылдан бастап, – ред.) Жер қатынастары және Мемлекеттік бақылау басқармалары облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің құрамына кіріп, онда «мүдделер қақтығысы» болатын. Сондай-ақ жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі уәкілетті органдардың бір мемлекеттік органда болуына байланысты сыбайлас жемқорлық сипатындағы шешімдер қабылдау тәуекелі болатын. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 19 наурыздағы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында берген тапсырмасына сәйкес, жер реформасы жөніндегі комиссия құрылды. Комиссияның 5 отырысында 120-дан астам ұсыныс жасалып, жер заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар жүйелі ұсынымдар әзірленді. Ұсыныстардың бірі «орталық-өңір» қағидаты бойынша жерді ұтымды пайдалануға мемлекеттік бақылаудың бірыңғай вертикалын құру болды», – делінген ақпараттық хабарламада.

Осыған байланысты, 2021 жылғы 30 маусымда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған еді. Ол жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функцияларын 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аумақтық бөлімшелерін құра отырып, орталық уәкілетті органның ведомствосына беруді көздейді.

«Осылайша, жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды, ал әкімдіктердің жер беруін және меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың жерді пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар аумақтық департаменттерді құру арқылы АШМ Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді» деп жазылған хабарламада.

ПІКІР ЖАЗУ