Еңбекші ауданында 17 шақырымға жуық электр желісі жаңғыртылды

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында кәріз жүйелерін дамыту, автожолдарды жөндеу және көшелерді жарықтандыру бағытындағы маңызды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, жаңа жобалар қолға алынды. Еңбекші ауданының дамуы жайында Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте аудан әкімі Досбол Есілбек мәлімдеді.

«Аудан аумағында кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 41 пайызды құрайды. Алайда бұл бағытта бірқатар маңызды жобалар жүзеге асуда. Ұлағат шағынауданында 2248 абонентке арналған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталды. Құрылыстың кейбір бөліктерінде мәселелер туындап, оларды экономикалық тергеу департаменті тексеруде деді», — Досбол Күздікбайұлы.

Сонымен қатар, Жұлдыз тұрғын алабындағы көпқабатты 27 үйді (175 пәтер) кәріз жүйесімен қамту жұмыстары аяқталды. Ал Базарқақпа тұрғын алабындағы Достық көшесіндегі 270 абонентті кәріз жүйесіне қосу үшін жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Ауданның жалпы ұзындығы 732,91 шақырымды құрайтын 728 көшесі бар. Жолдардың 73,1 пайызы асфальтталған, 21,6 пайызы тас жолдар, және 5,3 пайызы топырақ жолдар болып табылады.
Сондай-ақ, ауданда бүгінгі таңда 117 көше жарықтандырылған. 2023 жылы 28 көше жарықтандырылды, ал 2024 жылға жоспарланған 244 көшенің 129-ында жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Қалған 115 көшеде жұмыстар жалғасуда.

Шымкент қаласының Еңбекші ауданында инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту аясында электр желілері мен табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде атқарылып жатыр. Аудан тұрғындарының қолайлы өмір сүруі үшін мемлекеттік және жекеменшік жүйелер арқылы инфрақұрылымдық қамту көрсеткіштері жақсартылуда.

Досбол Күздікбайұлының айтуынша, ауданда электр жүйесімен қамту көрсеткіші 98,6 пайызға жеткен. Оның ішінде мемлекеттік жүйе арқылы 98,6 пайыз, жекеменшік жүйе арқылы 1,2 пайыз қамтылған, ал жаңа құрылыс учаскелерінің 0,2 пайызы әлі қамтылмаған.
Былтыр Исфиджаб және Достық тұрғын алаптарындағы 1356 абоненттің жекеменшік жүйесіндегі электр желілерін ауыстыру мақсатында тиісті жобалау-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан оң қорытынды алынған.

Одан бөлек, 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым электр желісі жаңартылды. 2024 жылы Қарабастау жаңа құрылысында 120 абонентке арналған жаңа желілер мен трансформаторларды орнату жоспарлануда.

ПІКІР ЖАЗУ