Еңбек ардагері оқырмандармен кездесті

Түлкібас, Келес аудандарының Құрметті азаматы, сот саласының ардагері, бірнеше марапаттардың иегері Өміртай Қалықұлов ағамыздың есімі облыс көлеміне кеңінен таныс деп айтсақ артық айтпағанымыз. Бүгінде сексен жастың сеңгіріне көтеріліп отырған ағамыз әлі тың, өзін ширақ сезінеді. Қызыл шырайлы жүзінен мейірімділік шуағы төгіліп тұрған Өміртай ағамыз ауданда өтіп тұратын түрлі игі шараларға белсене қатысып, жастарға өзінің ақыл-кеңесін беріп тұрады. Жастайынан әдебиетке бір табан жақын болып өскен Өмекеңнің  жазған мақалалары аудандық, облыстық басылымдарда жиі жарияланып жүр. Үстіміздегі жылы Өміртай ағамыздың өз өмірінен сыр шертетін отбасылық кітабы да жергілікті оқырмандарына жол тартқан болатын.

Жауын-шашыны аралас қараша айының жетінші жұлдызы күні аудан орталығындағы кітапханада ел ағасы, Келес, Түлкібас аудандарының Құрметті азаматы Өміртай Қалықұловтың кітапхана ұжымымен, Абай атындағы мектеп-лицей оқушыларымен кездесуі болып өтті. Кездесуге аудандық Мәдениет бөлімінің қарасты сектор меңгерушісі Б.Сармышев қатысып отырды. Өмірден көргені мол ардагер ағаға кітапхана ұжымы мен мектеп оқушыларының қойған сұрақтары сан алуан болды. “Өміртай аға соңғы рет кітапханаға қашан келдіңіз? Сіз оқушы кезіңізде сабақты жақсы оқыдыңыз ба? Алғашқы мақалаңыз қай жылы шықты? Сіз қай оқу орнын бітірдіңіз?” Міне, осындай және басқа да қойылған саулдарға Өміртай аға толыққанды жауап қайтарды. Ол кісінің сөзіне қарағанда өз ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң Абай атындағы орта мектепте отбасылық жағдайына байланысты оқи алмағанын өкінішпен еске алды. – Одан кейін 17 жасында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласындағы үш жылдық мәдени ағарту училище оқуға қабылдайды екен деген мақаланы оқып, шешемнің келісімімен сол оқуға түсіп кеттім. Ол училищенің бір жақсы жері стипендия береді екен. 1955 жылы оқуға қабылданып, 1958 жылы бітіріп шықтым. Менің кітапқа әуестігім сол жылдардан басталса керек. Тіпті 1953 жылы жазған күнделігімді де жақында жеке архивімнен тауып алып,  қуанышты сәтті бастан кешіп отырған жағдайым бар.

Мен аудандық газетпен («Социалистік егінші») достасуды сол кездерден бастадым. Ауылдағы жылт еткен жаңалықты редакцияға жіберіп отырдым. Ол жазғандарым газетте жарқырап шығып тұрды. Ал, сіздер қойған сабақты жақсы оқыдыңыз ба деген сауалға жақсы да емес, жаман да емес орташа оқыдым деп айтар едім. Содан мамандығыма сай елден жыраққа кетіп, туған жеріме 35 жалдан кейін оралдым ғой…

Одан әрі Өміртай аға 1958 жылы аудандық газетке шыққан мақаласының қиындысын көрсетті. Сарғыш тарта бастаған газетке мектеп оқушылары қызыға қарап жатты. Еңбек ардагерімен кездесу барысында Абай атындағы мектеп-лицейдің оқушылары ән айтып, күй тартып Өміртай ағаның көңілін бір көтеріп тастады. Одан кейін Өміртай Қалықұлов отбасылық альбомындағы суреттерді көрсетіп, осындай әсерлі кездесуді ұйымдастырған орталықтандырылған кітапхана ұжымына, қатысып отырған Абай атындағы мектеп-лицей оқушыларына өзінің ризашылық сезімін жеткізді.

Орынтай КӨМЕКОВ.

ПІКІР ЖАЗУ