Елорданың мәдени ұйымдары «Ұлттық киім» күніне ауқымды флешмоб өткізді

Елордада «Атамекен» Қазақстан картасы» этно-мемориалдық кешенінде «Ұлттық киім» күніне арналған үлкен флешмоб өтті. Оған астаналық Мәдениет басқармасына қарасты театрлар мен филармониялар, музей және кітапхана қызметкерлері қатысты.

Биыл Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды 10 күн тойлау ұсынылды және 18 наурыз – «Ұлттық киім» күні болып белгіленген. Қазақтың ұлттық киімі – қазақ мәдениетінің маңызды және ажырамас атрибуты іспеттес.

Ұлттық киімдерді ұлықтау мақсатында өткізілетін шараға 500-ге жуық мәдениет қызметкері қатысқан. Олардың қатарында танымал өнер жұлдыздары мен театр әртістері де бар.

«Бұл күнді ең алдымен қазақтың тамыры терең мәдениеті – ою-өрнекпен бастағымыз келді. Флешмобтың үстінен қарағанда «Қошқар мүйіз» оюын байқауға болады. Өздеріңіз білетіндей, Ұлытау облысында Болған ана кесенесінен сонау XIII-XIV ғасырға тиесілі алтын тостаған табылған еді. Сол тостағанның түбінде қызғалдақ өрнегі әшекейленген сурет табылды. Сол қызғалдақты апаларымыз әлі күнге дейін көрпеге, текеметке өрнек етіп тігеді. Мұндай мәдени элементтеріміздің әлі күнге дейін өзгеріссіз сақталуы – қазақтың ежелден келе жатқан бай мәдениетін көрсетеді. Сондықтан да, қазақтың ою-өрнегін ұлттық киім күнімен байланыстырып, ел алдына ұсынып отырмыз», – деді Мемлекеттік «Наз» би театрының директоры Еркебұлан Ағымбаев агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Сонымен бірге, театр директоры бүгінде тақия, шапан, камзол, саптама етік киімдері ел арасында кеңінен тарағанын, «Ұлттық киімді тек қана Наурызда киеді» деген қасаң түсініктің жоғалғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда ұлттық киімдер күнделікті тұрмыста да көп киіледі. Мәселен өзім мына шапанды күнде киемін. Бұл өте жақсы үрдіс деуге болады. Бүгінгі қатысушылардың да киімдеріне зер салсаңыз, бәрі театрларға тиесілі. Оның нұсқалары, дизайны ойдан шығарылмаған, музей мұрағатынан, тарихи кітаптардан алып тігілген. Осылайша бүгін ұлттық құндылықты насихаттау, ұлттық мәдениетке сүйіспеншілік сезімін оятып, отансүйгіштікке тәрбиелеу, төл өнерді дамытып, өнерпаздары топтастыратын шығармашылық алаң жасауды мақсат еттік», – дейді Еркебұлан Ағымбаев.

 Мемлекеттік «Наз» би театрының балет әртісі Мәдина Кошумбаева да –флешмоб қатысушыларының бірі. Оның ұлттық костюмі «Наурыз» деп аталады.

«Бұл киім сыртта өтетін мәдени іс-шаралар үшін арнайы тігілген әрі біздің аймақтың аязды ауа райы үшін өте жылы киім. Бізде барлық киім табиғи, қымбат материалдан қолмен тігіледі, мәселен жағасы мен жеңі түлкінің терісінен жасалған. Жасыл – көктемнің, жаңа өмірдің түсі болса, қызыл – жас дәуреннің, думан-мерекенің белгісіндей. Одан бөлек, «Наурыз» костюміне халқымыздың ұлттық символдары зерлеп салынған, әсіресе көктемнің алғашқы гүлі бәйшешек өрнегіне баса мән берілген. Ұлттық киімдерімізге жіті көңіл бөлінгені ерекше қуантады», – дейді театр әртісі.

ПІКІР ЖАЗУ