Елордада «Толағай» алыптар сайысы өтеді

 Мемлекеттік рәміздер күніне орай 2 маусымда елордадағы «Астана Триатлон» саябағында «Толағай» алыптар сайысы өтеді. 

Ұлы даланың батырларын насихаттап, қазақтың этно-ойындарын дәріптеу мақсатында өткізілетін турнирде елордалық спортшылар бақ сынай алады. 

– Білекті батырлар сайыстың 5 түрі бойынша, яғни, 1,5 м ұзындықтағы темірді мойынға салып майыстыру, салмағы 100 келілік тасты межелі қашықтыққа дейін апару, 130 келі ауыр бөренені желкеге салып отырып-тұру, 200 келілік жүк артылған арбаны сүйреу, 10 келілік найзаны қашықтыққа лақтыру сияқты ерекше сайыс түрлері бойынша сынға түседі, – деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Астана қаласы бойынша іріктеу кезеңі болып саналады. Яғни, бес сайыстың қорытындысы бойынша анықталған үздіктер алдағы республикалық турнирде бақ сынайды. 

Жарыстың ашылу салтанаты 2 маусым күні сағат 16.00-де, қатысушыларды тіркеу жарыс күні сағат 14.00-ге жоспарланған.

Айта кетейік, жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын турнир Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорда төрінде екінші мәрте өтеді. 

ПІКІР ЖАЗУ