Елордада 200 орындық балалар ауруханасы салынады

Астанада Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жанынан көпсалалы балалар ауруханасы бой көтереді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков мәлімдеді.
Айтуынша, аурухана құрылысының жобасы әзірленіп жатыр.
Біздің клиника – көпсалалы стационар. Былтыр наурыз айында ғана пайдалануға берілді. Осы уақыт ішінде біз 8 мыңнан астам науқасты қабылдадық, олардың 6 мыңының үстіне операция жасадық. Клиника көпбейінді болғанымен, бір маңызды жайт бар – біздің алдағы жоспарларымыз өте ауқымды. Биыл дәл осы жерге жақын маңда көпсалалы балалар корпусын салу жоспарланып отыр, – деп атап өтті орталық басшысы.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта құрылыс жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Көпсалалы балалар ауруханасы 200 орынға арналады. Алдағы 2-3 жылда пайдалануға беріледі деген ойдамыз, – деді Ержан Әділбеков.
Еске салайық, бүгін күніне 300 балаға дейін қабылдайтын жаңа травмпункт ашылды.
Жанерке ЖӘКЕН




