Елімізге белгілі кардиолог келестік мұғалімдерді төл мерекесімен құттықтады

Келес ауданында білім алған “Болашақ” бағдарламасының түлегі Беркін Тұрқұлов өзі білім алған №28 “Мақташы” жалпы орта мектебінің ұстаздарын төл мерекесімен құттықтады. Туабітті жүрек ақауы бар сəбилердің жүрегіне бір өзі 400-ден астам ашық операция жасаған ең жас балалар кардиохирургі әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында ұстаздарға деген ерекше ықыласын білдірді:

– Кішкентай ғана сәбилердің жүрек дейтін ең бір нәзік ағзасына ота жасаған сайын есіме ұстаздар түседі. Біз бір отада бір ғана баланың жүрегін көреміз, ал ұстаздар бір сабақта неше баланың жүрегіне жол табады? Менің де жүрегімнен орын алған ұстаздар бар…Мен халық тығыз орналасқан өңірде өстім. Ауылдағы жалғыз мектеп еді. Менің медицина саласына келуіме де ұстаздарымның еңбегі сіңді деп сеніммен айта аламын,- деді Беркін Көшербайұлы.

Айта кету керек, Беркін Көшербайұлы туабітті жүрек ақауымен туған сəбилерге ота жасайтын ең жас балалар кардиохирургі. Салмағы бір килограмға толмай шала туған сəбилердің жүрегіне ашық операция жасайды. Ресей, Италия, Корея, Швейцариядан келген əріптестерімен бірге сырқаттарға ота жасаған. Келестіктер осылайша “Ұстазыма мың алғыс” челленджіне белсенді түрде қатысуда.

(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ