Елімізде 2025 жылы болатын 10 басты саяси оқиға

 Белгілі саясаттанушы Андрей Чеботарев Қазақстанның 2025 жылғы саяси өміріндегі күтілетін топ-10 оқиғаны тізіп шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Біріншісі – аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлауды бір уақытта немесе кезең-кезеңімен өткізу. 2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері де сайланады. Бұл туралы қазақстандықтарға Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын.

Екіншісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын өткізу және елді одан әрі жаңғырту аясында нақты бастамаларды белгілеу. Биыл төртінші Ұлттық құрылтай Көкшетауда өтеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы наурызда өткен үшінші Ұлттық құрылтайда мәлімдеді.

Үшіншісі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізу. Айта кетейік, былтыр үкіметтің кеңейтілген отырысы 7 ақпанда өткен болатын.

Төртінші саяси оқиға – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялауы. Әдетте президент Жолдауды 1 қыркүйекте жасайды.

Бесінші – АЭС салу бойынша халықаралық консорциум құру. Қазақстанда атом электр станциясын салу жөніндегі консорциумға қатысатын елдер 2025 жылы белгілі болады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр былтыр 8 қазанда үкіметте өткен брифингіде осылай деп мәлімдеді. Ол консорциумға ең көп дегенде бес ел кіреді деген болжам айтты.

Алтыншысы – ҰҚК-нің бесінші департаментінің бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев және тағы басқа ісі бойынша сот процесінің аяқталуы. Қазіргі таңда бұл істер бойынша сот процестері жүріп жатыр.

Жетінші – Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша сот процесі, сот ашық режимде өтуі мүмкін. Былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат қайтыс болды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Сегізінші – жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қабылдау.

Тоғызыншы – Астанада “Орталық Азия – Қытай” екінші саммитін өткізу.

Оныншы саяси оқиға – Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезін өткізу

ПІКІР ЖАЗУ