Елде 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны салынады

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек (МСАК) нысанын салу жоспарланып отыр: 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория.

Бүгінгі таңда 99 МСАК нысанының құрылысы жүріп жатыр, барлығы биыл тапсырылмақ.

2024-2025 жылдары инсульт және кардиология орталықтары, травматологиялық және ортопедиялық бөлімшелері бар, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған 32 көпсалалы орталық аудандық аурухана жаңғыртылатын болады.

Кадрлық қамтамасыз ету бойынша 2023-2025 жылдар аралығында еліміздің медициналық колледждері мен жоғары оқу орындарында 14 000-нан астам медбике, 10 000 фельдшер, 957 акушер және 7 000 жалпы практика дәрігерін даярлау жоспарланып отыр.

Көпсалалы орталық аудандық ауруханаларды жаңа жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылға дейін жалпы сомасы 46 млрд теңгеге 965 медициналық техника сатып алу жоспарланған. Олардың қатарында компьютерлік томография аппараттарынан бастап өкпені жасанды желдету аппараттарына дейін түрлі жабдықтар болмақ.

ПІКІР ЖАЗУ